Командалық есепте топ жарды

18:49 | 22 шілде 2017

Тайландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан жасөспірімідер арасындағы Азия чемпионатында грек-рим күресінің балуандары жарысты аяқтады.

Қазақстанның жас балуандары тай жерінде тамаша өнер көрсетті. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің балуандары 3 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алғаны белгілі. Екінші күні қоржынымыз 1 алтын 2 қола медальмен толықты. Нақтырақ айтсақ, 58 келі салмақта күрескен Оралхан Мырзабаев барлық қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Дiнмухаммед Қошқар (50 келі) мен Леонид Проскурович (69 келі) - Азияның қола жүлдегерлері.

Жарыс қорытындысы бойынша грек-рим күресінің балуандары 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды. Ұпай санымен есептегенде қазақстандық балуандар командалық есепте екінші орынға ие болды. Ал, медаль санымен есептегенде 10 салмақтың 4-інде алтын медальға ие болған жас балуандарымыз командалық есепте топ жарды.

Жалпы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының тарихына үңілсек, 4 алтын медальды грек-рим күресінің балуандары бірінші рет жеңіп алып тұр. Бұған дейін 2004, 2007 және 2015 жылдардағы Азия чемпионатында грек-рим күресінің шеберлері 3 алтын медаль алған.

Жарыстың екінші күні қыздар күресінен де бәсекелер басталды. Өкінішке қарай, үш бірдей бойжеткеніміз финалда ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Азия чемпионатында күміс медаль алғандар – Марал Тәңірбергенова (38 келі), Аяжан Марқашева (43 келі) және Альбина Қайыргелдинова (63 келі).

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар