Рахат Қалжан әлем чемпионатын 5-орынмен аяқтады

22:00 | 01 тамыз 2017

Бүгін Финляндияның Тампере қаласында күрес түрлерінен жастар арасында әлем чемпионаты басталды. Әлемнің ең мықты деген жас балуандары жиналған дүбірлі жарыстың бірінші күні қазақстандықтар медальсіз қалды.

Әлем чемпионатының шымылдығын еркін күрес шеберлері ашты. Олар 4 салмақ дәрежесінде белдесті.

50 келі салмақта ел намысын қорғаған Рахат Қалжан қола медаль алудың сәл-ақ алдында тұр еді. Алғашқы айналымда ол молдовалық Лон Топаланы ойсырата ұтып (11:0), белдесуді уақытынан бұрын аяқтады. Сөйтіп, ширек финалда АҚШ балуаны Малик Шон Хайнселманды 8:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Өкінішке қарай, финалға біртабан жақын қалған тұста армениялық Карен Зурабяннан 2:5 есебімен ұтылып қалды.

Қола медаль үшін болған белдесуде Рахат моңғолиялық Насанбуян Нармандахтан да айласын асыра алмады. Осылайша, қола медаль үшін таласқан балуанымыз жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Бүгін күрескен басқа балуандарымыздың нәтижелеріне келсек, 60 келі салмақтағы Аслан Қуанышбеков бірінші белдесуінде моңғолиялық балуаннан ұтылып, жарыстан шығып қалды. 74 келі салмақтағы Жақсылық Сұлтан да бірінші айналымда грузин балуанына есе жіберді. 96 келідегі Әлішер Ерғали 1/8 финалда молдовалық балуанды ұтқанымен ширек финалда АҚШ балуанынан айласын асыра алмады.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар