Еркін күрес балуандары жарысты аяқтады

10:21 | 03 тамыз 2017

Финляндияның Тампере қаласында жастар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың екінші күні еркін күрес шеберлері төрт салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтап, доданы қорытындылады.

Өкінішке қарай, әлем чемпионатының екінші күні бозкілемге шыққан жас балуандарымыз жүлдесіз қалды. 55 келі салмақта күрескен жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы Қуатбек Мұхамедке зор үміт артқан едік. Алайда, Қуатбек алғашқы айналымда ирандық балуаннан 4:5 есебімен ұтылып, жарыстан шығып қалды.

66 келі салмақта Дархан Есенғали бірінші белдесуінде финляндиялық қарсыласын ұтып, қуантып еді. Бірақ, 1/8 финалда оның жолын армениялық балуан бөгеді. Осылайша, Дархан да чемпионатты жүлдесіз аяқтады.

84 және 120 келі салмақтағы балуандарымыз да бірінші айналымнан ары аса алмады. 84 келідегі Алмас Жүніс түрік балуанына 4:8 есебімен ұтылса, аса ауыр салмақтағы алыбымыз Әділбек Ботабек армениялық қарсыласына 0:10 есебімен есе жіберді.

Сонымен екі күнге созылған еркін күрес балуандарының бәсекесінде Ресей балуандары сегіз салмақтың төртеуінде топ жарды. АҚШ балуандары да биылғы додаға өте жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Американдықтардың алты балуаны финалға шығып, соның үшеуі бас жүлде алды. Әзірбайжан құрамасы бір алтын медальмен ғана шектелді.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар