Жастар арасында әлем чемпионаты. 3-күннің қорытындысы

10:36 | 04 тамыз 2017

Тампере (Финляндия) қаласында күрес түрлерінен жастар арасында әлем чемпионаты жалғасуда. Жарыстың үшінші күні бойжеткен балуандар боз кілемге шықты.

Өкінішке қарай, Қазақстан балуандарының қоржыны жарыстың үшінші күні де бос қалды.

Қыздар арасында өткен бәсекеде 44 келі салмақта күрескен Несібелі Естаева алғашқы айналымда румыниялық қарсыласынан 0:2 есебімен ұтылып қалды.

51 келіде өнер көрсеткен Гүлсамал Нұрлан да бірінші айналымнан кейін жарысты аяқтауға мәжбүр болды. 1/8 финалдың жолдамасын украиналық бойжеткенмен сарапқа салған Гүлсамал қарсыласына 0:4 есебімен жол берді.

59 және 67 келі салмақта күрескен Алтынай Сатылған мен Валерия Гончарова да алғашқы айналымнан ары аса алмады. Алтынай бірінші белдесуінде норвегиялық балуаннан ұтылса, Валерия қытай балуанынан жеңілді.

Жарыстың алғашқы күні сарапқа түскен 4 салмақтың алтын медалін Жапония мен Ресей қыздары теңдей бөліп алды. Ресейліктер 51 және 67 келі салмақтың бас жүлдесін алса, жапон қыздары 44 пен 59 келі салмақтарда топ жарды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар