Азиялық кеңес Алматыда өтті

17:13 | 05 тамыз 2017

Алматыда Азия күрес кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыхановтың жетекшілігімен Біріккен күрес әлемі Азиялық кеңесі (UWW-Asia) атқару комитетінің алғашқы отырысы өтті.

Оған Қазақстаннан бөлек Үндістан, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай мен Иран секілді елдердің өкілдері қатысты. Жиын барысында UWW-Asia атқару комитеті мен Біріккен күрес әлемі бюросының қайта сайланған және арнайы келген өкілдері күн тәртібіне сәйкес, сонымен қатар ұйым қызметіне қатысты мәселелерді талқылап, күрестің құрлықтағы дамуына тоқталды. Қатысушыларға UWW-Asia-ның әлемдік күресте болып жатқан жаңалықтар мен қажетті ақпараттарды жедел жариялауға мүмкіндік беретін жаңа сайты тыныстырылды. Құрастырушылар сайттың ресми жарыстарда қалай жұмыс істейтіндігін және оның тиімділігін сөз етті.

Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Донбаев, ҚР ҰОК-тің Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Юрий Макогон және Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті С.Мыңбаев секілді арнайы шақырылған қонақтар Дәулет Тұрлыхановты жаңа қызметімен құттықтап, ел тарихында сары құрлықтың күрес федерациясының тізгінін ұстаған тұңғыш қазақстандық екенін тілге тиек етті:

«Қазақстан күрес федерациясының атынан сіздерге алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Атқару комитетіне осы салада көп еңбек сіңіріп келе жатқан Дәулет Тұрлыхановтың төраға болып сайлануымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!», – деді басқосуды ашқан Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті С.Мыңбаев.

Өз кезегінде Ә.Донбаев бұл ұйымға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді: «Меніңше, Дәулет Тұрлыханов басшылықта тұрғанда әлем бойынша да, елімізде де күрестің танымалдылығы артып, қолжетімді спортқа айналады. Дәулет Болатұлының федерация тізгінін қолға алғанына қуаныштымын. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Оның үстіне Азиялық федерацияның штаб-пәтері Алматыға көшті. Үнемі қолдау көрсетіп, күрестің қаламызда да, елімізде де дамуына үлес қосамыз деп сеніммен айта аламын».

Ал Ю.Макоган Дәулет Тұрлыхановты ҚР ІІМ 25 жылдығына арналған төсбелгімен марапаттады. Өз кезегінде Дәулет Болатұлы жиынға келгендерге алғысын білдіре отырып: – Федерацияға басшылыққа келген 2,5 ай ішінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарылды. Мемлекеттік құрылым ретке келтіріліп, алдағы 4 жылға (2017-2020 жж.) құрлықта күресті дамыту бойынша жоспар пысықталды. Жаңа сайт құрылып, штаб-пәтеріміз Сеулден Алматыға көшірілді. Қазір біздің басты мақсатымыз – Азияда күресті барынша дамыту. Бұл – үлкен құрлық. Сондықтан көптеген мәселені шешуіміз керек, – деп атап өтті.

Бұдан бөлек Дәулет Болатұлы Парижде өтетін әлем чемпионатында абыроймен өнер көрсетуіміз керектігін де еске салды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар