«Болат Тұрлыханов Кубогына» байланысты баспасөз мәслихаты өтті

14:16 | 29 қыркүйек 2017

Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов Кубогы» халықаралық турнирінің ұйымдастыру тобы жарыс алдында баспасөз мәслихатын өткізді.

Турнирдің басты ұйымдастырушыларының бірі, Азия күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов: «Осыған дейін жарыс Семейде өткізіліп келді. Алматыға ауыстыруымыздың өзіндік себебі бар», - деді. «Жүлде қоры қомақты. Бұл қаржылай сыйлықты балуандарға көмек деп білеміз. Өйткені, үйленген, балалы спортшылар өте көп. Соларға материалдық қолдау болса деген ниет», - деп жалғастырды даңқты балуан.

Дәулет Болатұлы турнирді ұйымдастырудың басты мақсаты - күресті дамытып, Қазақстан балуандарына халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік беру екендігін жеткізді. Аймақтардағы спортшылар шетелге жиі шыға алмайды, ал биылғы жарысқа әлемдік деңгейдегі өте мықты балуандар келген екен.

Қазақстандағы турнирге арнайы келген United World Wrestling халықаралық күрес федерациясының делегаты Андрей Криков ұйымдастыру тобының жұмысына оң бағасын берді: «Осы демалыста белдесулер өтетін арена барлық талаптарға сай, қатысушыларды күтіп алу, орналастыру, жаттығуға лайықты жағдай. Бәрі өте жоғары деңгейде. Мен бұл халықаралық турнирді тіпті құрлықтық біріншіліктерден кем түспейді дер едім. Өз кезегімізде «Болат Тұрлыханов Кубогында» төрелік таза болатынына атсалысамыз деп уәде беремін»

Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Бекетұлы Дөңбаев беделді бәсекенің енді оңтүстік астанада өтетіндігіне қуанышты екенін жеткізіп, осы демалыста «Алматы Тур» веложарысына қатысты «Халық Арена» маңында жол жабылатынын ескертті. «30 қыркүйек күні Төле би, Шығыс айналма және тағы басқа жолдар 40 минуттан ғана жабылады. Ол шамамен 11:00-11:40 аралығында. Ал, бірінші қазанда веложарыс «Халық аренадан» басталады, сондықтан 9:00-10:20 арлығында жол жабық болатынын ескеру қажет», - деді. Сонымен қатар, Әбіл Бекетұлы алдағы жылдары да «Болат Тұрлыханов Кубогы» Алматыда өтуіне қолдау көрсететіндігін айтты.

Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Анатолий Волоха турнирдің Семейден Алматыға ауыстырылуын түсіндірді: «Алматы спорт және мәдениет орталығы болғандықтан, бұл қалада үлкен шаралар өткізу ыңғайлы. Оған қоса, шетелдік қонақтарымыздың жолы жеңілдеді. Яғни, Еуропа не Азия елдерінен болсын, Алматыға тікелей ұшақтар бар». «Келер жылдары халықаралық турнир қай қалада өтетіндігі биылғы жылдың нәтижесі бойынша белгілі болады», - деп толықтырды Дәулет Тұрлыханов.

Грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов Кубогы» халықаралық турнирі биыл 23ші рет өткелі тұр. Бұл Халықаралық күрес федерациясы United World Wrestling ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген Қазақстан аймағындағы грек-рим күресінен жалғыз жарыс. Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған турнир халықаралық күнтізбеге 2015 жылы енгізілсе, былтырдан бастап атауы өзгертілді. Осы уақытқа дейін Семейде өткен турнирді биыл алғаш рет Алматыға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Біріншілік әр жылдары Қазақстан Кубогы ретінде, сонымен қатар командалық форматта да өтіп жүрді. 2014 жылы халықаралық деңгейге көтерілді. Үш жылдың ішінде Қазақстандағы турнирге көптеген танымал балуандар қатысып, жеңімпаз және жүлдегер атанып үлгерді. Олардың арасында: әлем чемпиондары Никита Мельников (Ресей) және Хан-Су Рю (Корея), Олимпиада чемпионы Ким Хен Ву (Корея), Олимпиада жүлдегерлері Мингиян Семенов (Ресей), Миндаугас Мизгайтис (Литва), әлем чемпионатының жүлдегері Бекхан Манкиев (Ресей) және жастар арасындағы әлем чемпиондары Рамаз Зоидзе, Звиади Патаридзе, Гела Болквадзе (бәрі Грузия) бар. Еліміздің белгілі балуандары да беделді бәсекеде топ жарып жүр: әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы және Азия Ойындарының екі дүркін жеңімпазы Нұрмахан Тінәлиев, Азия чемпионы Нұрсұлтан Тұрсынов, әлем чемпионатының күміс және екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы Алмат Кебіспаев және тағы басқалары.

Биыл Қазақстан намысын еліміздің барлық аймағынан келген 70 балуан қорғайды. Олардың ішінде Алмат Кебіспаев, Нұрмахан Тінәлиев, Айбек Еңсеханов, Ернар Фидахметов, Мерей Бекенов, Тамерлан Шадукаев, Ерұлан Ысқақов, Әбунасыр Өмірзақ, Мақсат Ережепов сынды айтулы спортшылар да бар.

Турнир бағдарламасына грек-рим күресінен тек Олимпиадалық салмақ дәрежелері енгізілген: 59 кг, 66 кг, 75 кг, 85 кг, 98 кг және 130 кг (+2 кг рұқсат беріледі). Дәстүрлі жүлде қоры да сақталған, биыл жалпы 48 мың АҚШ долларын құрайды. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға - 3 000 АҚШ доллары табысталса, екінші орын үшін - 2 000 доллар, үшінші орындарға 1000 доллардан қарастырылған. Дәл осындай сома жеңімпаздың жаттықтырушысына да беріледі. Алматыға барлық қатысушылар келіп жетті, бүгін балуандар алғашқы салмақ өлшеу рәсімінен өтеді. «Болат Тұрлыханов Кубогына» Ресей, Корея, Грузия, Беларусь, Украина, Армения, Иран, Өзбекстан, Польша, Грекия, Қырғызстан, Литва, Түркия, Тәжікстан, Тайланд, жалпы саны 17 елдің балуандары қатысады.

Халықаралық турнир 30 қыркүйек пен 1 қазан күндері үш мың жанкүйер сыятын «Halyk Arena» мұз сарайында өтеді.

Грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов Кубогы» халықаралық турнирінің ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан күрес федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі.

Турнир бағдарламасы:

30 қыркүйек, сенбі
09:00-14:00 59, 75, 98 кг салмақ дәрежелерінде іріктеу және жұбаныш белдесулер

14:00-16:00 Үзіліс

16:00-16:30 Салтанатты ашылу рәсімі
16:30-18:00
59, 75, 98 кг салмақ дәрежелерінде финалдық белдесулер

18:00-18:30 Марапаттау рәсімі

1 қазан, қыркүйек
09:00-14:00 66, 85, 130 кг салмақ дәрежелерінде іріктеу және жұбаныш белдесулер

14:00-15:00 Үзіліс
15:00-16:30 66, 85, 130 кг салмақ дәрежелерінде финалдық белдесулер

17:00-17:30 Марапаттау рәсімі

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар