Үш салмақта жеңімпаздар анықталды

19:05 | 30 қыркүйек 2017

Бүгін Алматының «Халық Арена» спорт кешенінде грек рим күресінен КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановты еске түсіруге арналған «Болат Тұрлыханов Кубогы» халықаралық турнирі басталды. Әлемнің 17 мемлекетінен келген балуандар Олимпиада бағдараламасына кірген 6 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасуда. Жарыстың алғашқы күні 59, 75 және 98 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

«Болат Тұрлыханов Кубогы» халықаралық турнирі биыл тұңғыш рет Алматы қаласында өтуде. Оған әлемнің көптеген елдерінен кіл мықтылар жиналды. Атап айтсақ, әлем чемпиондары Никита Мельников (Ресей), Арсен Джулфалакян (Армения), Олимпиада ойындарының жеңімпазы әрі әлем чемпионы Ким Хен Ву (Оңтүістік Корея) сынды балуандармен қатар Алмат Кебісбаев, Нұрмахан Тінәлиев, Мақсат Ережепов, Айбек Еңсеханов, Тамерлан Шадукаев, Данияр Қаленов сияқты елімізге танымал балауандар өз өнерлерін көрсетуде.

Жарыстың ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларды құттықтады. Сондай-ақ, Болат Тұрлыхановтың аяулы жары Мәрзия Айтбайқызы да жарысқа қатысушыларға ақжол тілеп, осы турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан спорт басшыларына алғысын білдірді.

Сонымен бірінші күннің қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея, ТүркияжәнеРесей елдерінің балуандары үш салмақта топ жарды.

59 келі салмақта Оңтүстік Корея өкілі Ким Сон Хак жеңімпаз атанды. Кәріс балуаны финалда қазақстандық Руслан Итемгеновтен айласын асырды. Бұл салмақтағы қола жүлдені Нұрсұлтан Қалмырзаев (Қазақстан) пен Фируз Тухтаев (Өзбекстан) жеңіп алды. Нұрсұлтан шешуші бәсекеде Мейрамбек Дөненбековті 7:6 есебімен ұтса, Фируз Тухтаев отандасымыз Құдайберген Тұрсыновтан басым түсті.

75 келі салмақ дәрежесінде өкінішке қарай, қазақстандық балуандар жүлдеге іліне алмады. Финалда грузиялық Миндиа Цулукидзені ұтқан Түркия балуаны Фатих Генгиз «Болат Тұрлыханов Кубогы» халықаралық турнирінің бас жүлдесіне ие болды.

98 келі салмақтың алтын медалі Ресей асты. Финалда украиналық Димитрий Тимченконы тізе бүктірген 2013 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы Никита Мельников топ жарды. Қола жүлде ресейлік Данил Сотников пен қазақстандық Еркін Шайкеновте.

Ертең жарыстың соңғы күні. Бозкілемге 66, 85 және 130 келі салмақтағы балуандар шығады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

59 келі: 1. Ким Сон Хак (Оңтүстік Корея); 2. Руслан Итемгенов (Қазақстан); 3. Нұрсұлтан Қалмырзаев (Қазақстан), Фируз Тухтаев (Өзбекстан);

75 келі: 1. Фатих Генгиз (Түркия); 2. Миндиа Цулукидзе (Грузия); 3. Арсен Джулфалакян (Армения), Шваги Бойквадзе (Грузия);

98 келі: 1. Никита Мельников (Ресей); 2. Дмитрий Тимченко (Украина); 3. Еркін Шайкенов (Қазақстан), Данил Сотников (Ресей);

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар