Алматы облысының балуандары жартылай финалға шықты

21:36 | 15 қазан 2017

Жексенбі күні Талдықорған қаласында спорттық төрт түрінен Конфедерация кубогының іріктеу бәсекесі өтті. Алматы облысы, Павлодар, БҚО және Атырау облыстарынан құралған командалар А тобында күш сынасты.

Мұның алдында Таразда Д тобындағы командалардың іріктеу ойындары өтіп, онда грек-рим күресінен Қызылорда облысының командасы жартылай финалға жолдама алған болатын. Енді қызылордалықтардың қатарына Алматы облысының балуандары да қосылды. Облыс командасы топтық бәсекеде қарсыластарын шақ келтірмей, барлық белдесуді 8:0 есебімен жеңіп шықты. Құрамында Нұрмахан Тінәлиев, Демеу Жадраев сынды тәжірибелі балуандары бар Алматы облысы желтоқсанның 2-3 күндері Алматыда өтетін Конфедерация кубогының шешуші сайысына қатысады.

Грек-рим күресі бойынша екінші орынды Атырау облысының балуандары иеленсе, Павлодар үшінші орынға көтерілді. Батыс Қазақстан облысының балуандары төртінші орында. Айта кетерлігі, батысқазақстандықтар сегіз салмақтың тек екеуінде ғана балуан қосты.

Алматы облысының еркін күрес құрамасы да іріктеу сайысында қамшы салдырған жоқ. Батыс Қазақстан облысы еркін күресте команда қоспады. Сөйтіп, үш команда ғана жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салды. Алматы облысы Павлодар облысының құрамасын 5:3 есебімен ұтса, Атыраудан 8:0 есебімен айласын асырды.

Конфедерация кубогы. Іріктеу кезеңінің нәтижелері.

А тобы. Талдықорған қаласы

Грек-рим күресі

Алматы облысы – БҚО – 8:0

Атырау облысы – Павлодар облысы – 5:3

Алматы облысы – Павлодар облысы – 8:0

Атырау облысы – БҚО – 4:2

Алматы облысы – Атырау облысы – 8:0

Павлодар – БҚО – 6:2

Еркін күрес

Алматы облысы – Павлодар облысы – 5:3

Алматы облысы – Атырау облысы – 8:0

Павлодар облысы – Атырау облысы – 7:1

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар