Жартылай финалға Ақтөбе мен Оңтүстік Қазақстан облысы шықты

20:59 | 26 қазан 2017

Бүгін Шымкентте спорттың төрт түрінен Конфедерация кубогының іріктеу бәсекесі аяқталды. Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстары және Астана қаласының спортшылары сынға түскен сайыста Ақтөбе мен Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары үздік шықты.

Грек-рим күресі бойынша өткен іріктеу кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысының балуандарына тең келер ешкім болмады. Жарыс қожайындары Ақтөбе облысынан келген қарсыластарын 7:1 есебімен ұтса, Қостанайды 6:2 есебімен жеңді. Астана қаласымен болған белдесуде де оңтүстікқазақстандықтар есепте 5:3 есебімен алға шықты. Осылайша, үш бірдей қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген Оңтүстік Қазақстан құрамасы желтоқсан айының 2-3 күндері болатын Конфедерация кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Еркін күресте Ақтөбе облысынан келген балуандар өз мықтылықтарын дәлелдеді. Ақтөбеліктер Қостанай облысын 7:1 есебімен жеңсе, Астананы 6:2 есебімен ұтты. Оңтүстік Қазақстан облысымен болған шешуші бәсекеде де Ақтөбенің айы оңынан туды. Бұл белдесу 6:2 есебімен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Конфедерация кубогының іріктеу ойындары Тараз және Талдықорған қалаларында өткен болатын. Тараздағы іріктеу сайысында Қызылорда облысының грек-рим күресінің шеберлері жартылай финалға жолдама алса, еркін күресте жартылай финалдық жолдама Алматы қаласына бұйырды. Ал, Талдықорғандағы іріктеу сайысында күрестің екі түрінен де Алматы облысының балуандары озды.

Шымкентте өткен Конфедерация кубогының іріктеу кезеңі

Грек-рим күресі

ОҚО – Қостанай обл. – 6:2; Ақтөбе обл. – Астана қ. – 3:5

Ақтөбе обл. – Қостанай обл. – 5:3; ОҚО – Астана қ. – 5:3

Қостанай обл. – Астана қ. – 2:5; Ақтөбе обл. – ОҚО – 1:7;

Еркін күрес

ОҚО – Қостанай обл. – 7:1; Ақтөбе обл. – Астана қ. – 6:2

ОҚО – Астана қ. – 5:3; Ақтөбе обл. – Қостанай обл. – 7:1

Ақтөбе обл. – ОҚО – 6:2; Қостанай обл. – Астана қ. – 5:3

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар