Конфедерация кубогының финалына шыққан командалар белгілі болды

19:19 | 02 желтоқсан 2017

Бүгін Алматының Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында спорттың алты түрінен, атап айтсақ, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, таеквондо және бокстан Конфедерация кубогының жартылай финалдық бәсекелері өтті.

Конфедерация кубогының іріктеу кезеңі бұған дейін Ақтау, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларында өтіп, онда үздік шыққандар финалдық сайысқа жолдама алған еді. Нақтырақ айтсақ, грек-рим күресінен Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Алматы облыстарының командалары іріктеу кезеңін сәтті өткізіп, үздік төрттіктің қатарына кірді. Ал еркін күресте Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары жартылай финалға жолдама алды.

Конфедерация кубогының жартылай финалдық сайысының шымылдығын грек-рим күресінің балуандары ашты. Алғашқы жұпта Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан құрамасының балуандары кездесті. Тартысты өткен белдесуде Алматы облысының командасы 5:3 есебімен жеңіске жетті. Айта кетерлігі, оңтүстікқазақстандықтардың белдесуді тең аяқтауға мүмкіндіктері болып еді. Алайда, соңғы жұпта, яғни, 130 келі салмақ дәрежесінде Оңтүстік Қазақстанның балуаны, 2017 жылғы Қазақстан чемпионы Дамир Күзембаев көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, әлемнің үш дүркін қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиевтен ұтылып қалды.

Ертең Конфедерация кубогының финалдық сайысында Алматы облысы Қарағанды облысының балуандарымен күш сынасады. Қарағандылықтар жартылай финалда Қызылорда облысын 8:0 есебімен жеңді.

Еркін күреске келсек, финалдық белдесуге Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының құрамалары шықты. Шығыс Қазақстанның балуандары жартылай финалда Алматы қаласынан, Алматы облысы Ақтөбе облысынан айласын асырды.

Жартылай финалдың нәтижелері

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар