Грек-рим күресі бойынша қорытынды жиын өтті

09:18 | 02 желтоқсан 2017

Кеше Алматыда ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының грек-рим күресі бойынша вице-президенті Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтың басшылығымен жылдың қорытынды жиыны өтті.

Жиынға Дәулет Болатұлымен қатар, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Мейірхан Рахметов, ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов қатысты. Сондай-ақ, аймақтардағы федерация президенттері мен жаттықтырушылар келді.

Бірінші болып сөз алған Дәулет Болатұлы грек-рим күресінде қордаланған мәселелерді айта келе, аймақтарда күресті дамытуға байланысты өз ойымен бөлісті.

Биылғы жыл грек-рим күресі үшін жаман жыл болған жоқ. Францияның Париж қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстанның қос бірдей балуаны - Мейрамбек Айнағұлов (59 келі) пен Демеу Жадыраев (71 келі) күміс медальға ие болды. Бұдан бөлек, көптеген халықаралық турнирлерде балуандарымыз жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Ең бастысы келесі жылы өтетін Азия ойындарында балуандарға үлкен үміт артылып отыр. Оның үстіне 2018 жылдан бастап күресте салмақ дәрежелері және ережелерге өзгеріс енгізілді. Енді балуандар қазіргідей 8 салмақ дәрежесінде емес, 10 салмақта күреседі.

Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсеновтің айтуынша, желтоқсан айының ортасында Қарағандыда күрес түрлерінен Нүркен Әбдіров атындағы жарыс өтеді. Жарыс жаңа ереже бойынша өтетіндіктен мұнда еліміздің барлық мықты балуандары күш сынасады. 2018 жылғы ұлттық құрамаға кіретін балуандар да дәл осы турнирде белгілі болмақ. Келесі жылдың алғашқы ірі жарысы Азия чемпионаты болғандықтан, онда ел намысын қорғайтын балуандар Нүркен Әбдіров атындағы турнирден кейін анықталатын болады.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар