Төрт салмақта топ жарды

21:41 | 24 маусым 2018

Сенбі және жексенбі күндері Венгрияның Дьор қаласында грек-рим күресінен Гран-при турнирі өтті. Әлемнің 11 елінің балуандары бақ сынаған жарыста Нұрым Дүйсенов баптайтын еліміздің грек-рим күресі шеберлері төрт салмақ дәрежесінде топ жарды.

Жарыстың алғашқы күні кілемге шыққан балуандар арасында 55 келі салмақта ел намысын қорғаған Жансерік Сәрсенбиев Гран-при жеңімпазы атанды. Жансерік бірінші белдесуде венгриялық балуанды 10:1 есебімен ұтса, одан кейін 8:0 есебімен қытай балуанының мысын басып, ақтық сынға шықты. Дәл осы салмақта күрескен Қазақстанның тағы бір балуаны Қорлан Жақанша да іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, финалға жолдама алған-тұғын. Сөйтіп, 55 келі салмақтың бас жүлдесі қос балуанымыздың арасында сарапқа салынып, жеңіс Жансеріктің еншісіне жазылды.

Гран-при турнирінің екінші күні қоржынымызға тағы үш алтын медаль түсті. 67 келі салмақта күрескен Мейіржан Шермаханбет пен 77 келідегі Тамерлан Шадукаев және аса ауыр салмақтағы (130 келі) Нұрмахан Тінәлиевке Венгрия жерінде қарсылас шақ келмеді. Биылғы Қазақстан чемпионатында топ жарған оңтүстікқазақстандық Мейіржан Шермаханбет финалда Мұхамедреза Гераиді 6:3 есебімен жеңді. Ирандық балуан алғашқы айналымда Алмат Кебісбаевты 10:9 есебімен қапы қалдырған еді. Алмат өз кезегінде 67 келінің қола медалін иеленді.

77 келіде өнер көрсеткен Тамерлан Шадукаев финалда жарыс қожайынынан басым түсті. Ал, 130 келідегі Нұрмахан Тінәлиев болса, финалда қытай балуанынан айласын асырды. Нұрмахан ақтық сынға дейін Венгрияның екі балуанын және қырғыз балуанын ұтты.

Өкінішке қарай, Гран-при турнирінің бас жүлдесін сарапқа салған 97 келідегі Ерұлан Ысқақов венгриялық балуанмен 3:3 есебімен тең түскенімен, әдіс қолдану барысы жоғары болғандықтан қарсыласының жолы болып кетті.

Қоржынымызға түскен үш қола медаль – Алмат Кебісбаев (67 келі), Демеу Жадыраев (72 келі) және Мирас Баршылықовтың (77 келі) еншісінде.

Командалық есепте Қазақстан құрамасы Иран балуандарын алға жіберіп, екінші орынға ие болды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар