БАСТЫ МАҚСАТ – ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА КӨБІРЕК ЖОЛДАМА ИЕЛЕНУ.

БАСТЫ МАҚСАТ – ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА
КӨБІРЕК ЖОЛДАМА ИЕЛЕНУ.
ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы спортшыларымыздың буын алмасуына және жастардың аға буынның тәжірибелерін бойына сіңіруіне ерекше көңіл бөліп, осы бағытта жыл бойы жұмыстар атқарды. Мысалға айтар болсақ Испанияның Понтеведра қаласында өткен (U23) әлем чемпионатына барар алдында осы жастағы балуандар ұлттық команданың негізгі құрамымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соның нәтижесінде өткен жылғыға қарағанда жас еркін күрес шеберлері 3 жүлдеге, нақты айтар болсақ 1 күміс, 2 қолаға қол жеткізді.
Спорттық күрес түрлерін дамыту мен кең көлемде насихаттау бағытында 2022 жылы барлық жас ерекшеліктерін қоса алғанда 15 республика чемпионаты өткізілді. Осы жерде 2022 жылдан бастап бұл чемпионаттар жас ерекшеліктерін қосып өткізу арқылы жүзеге аса бастағанын айта кетейін. Чемпионаттарды қосып өткізу тәжірибесі қазіргі заман талабына сай орындалуда.
Халықаралық турнирлерге келетін болсақ 2022 жылдың басынан бастап күрестің үш түрінен жасақталған ұлттық құрама 9 халықаралық турнирге қатысып, барлығы 112 жүлдеге ие болды. Олардың ішінен Моңғолияда өткен Азия чемпионатын ерекше атап өткім келеді. Құрлық чемпионатының қорытындысы бойынша: грек-рим күресі балуандары – 9 жүлде иеленіп, жалпыесепте 1-ші орын алды.
Еркін күрес балуандарының еншісінде – 8 жүлде және 3-ші орын. Әйелдер күресінен – 4 жүлдеге қол жетіп, жалпыесепте қыздарымыз 4-ші болды.
Бұдан бөлек Сербияда өткен әлем чемпиоантында да тоқтала кетсем деймін. Ол додаға дайындық жұмыстарын чемпионатқа 5 ай қалғанда тағайындалған бас бапкерлер жүргізді. Соған қарамастан төмендегідей нәтижеге қол жетті: грек-рим күресі – 1 қола (Айдос Сұлтанғали) еркін күрес – 1 қола (Азамат Дәулетбеков), әйелдер күресі – 1 кұміс (Жәмила Бақбергенова).
Федерация мен бапкерлер штабының бірлесе жүргізген талдау қорытындысының нәтижесінде 2022 жылғы әлем чемпионатындағы көрсеткіш өткен жылғыға қарағанда тәуір болды деп айта аламыз. Әсіресе грек-рим күресі балуандары арасынан жүлдеге таласуға 3 адам мүмкіндік алды.Бұл жерде грек-рим күресі шеберлерінің көрсеткішіне құраманың бірінші нөмірлі балуаны Мейіржан Шермаханбеттің хирургиялық ота жасағандықтан аталған турнирге қатыса алмауы өз кесірін тигізді.
Белградта өткен әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша біздің Жәмила Бақбергенова, Айдос Сұлтанғали, Азамат Дәулетбеков және Олег Болтин секілді балуандарымыз UWW мамандарының назарына ілігіп, әлем құрамасы сапында әлем кубогына шақырту алды. Оның алғашқысы 5-6 қараша күндері Баку қаласында өтсе, екінші 10-11 желтоқсан күндері Коралвилль қаласында болды. Айдос Сұлтанғали әлем кубогы бәсекесінде өзінің шеберлігін паш етіп, барлық белдесулерінде жеңіске жетті және әлем құрамасы сапында қола жүлдеге ие боды. Азамат Дәулетбеков те әлем құрамасы сапында қола жүлдені қанжығаға байлады.
2023 жыл Олимпиадаға дайындық жылы болып табылатындықтан біздер биыл 2024 жылға берік іргетас қалыптастыруымыз керек. Сол себепті федерация, бапкерлер штабымен біріге отырып негізгі күшті балуандарымыздың халықаралық турнирлерде жоғары деңгейде өнер көрсетуіне салатын боламыз. Ол жұмыстың нақты қорытындысы 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасында анықталады. Осыған орай Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және барлық облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларымен, ұлттық құрама бас бапкерлерімен бірлесе отырып 2024 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты бастаймыз.
2023 жылдан бастап Олимпиадаға жолдама беретін турнирлер өте бастайды және ол жерде барлық 10 салмақтың олимпиадалық болып табылатын 6-ында ғана жолдамалар беріледі. Сондықтан федерация Олимпиадаға берілетін жолдамаларды 2023 жылы көбірек женіп алуды алдына мақсат етіп қойып отыр.
Одан кейін 2024 жылы Азия құрлығында Олимпиада жолдамалары берілетін турнирлер өтіп, 2023 жылы ала алмай қалған жолдамаларды сол жерден аламыз деген ойымыз бар.
Сөз сонында біздің балуандарымыздың 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алуына барлық мүмкіндік бар екенің айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Бүгінгі таңда федерация 2023 жылға арналған спорттық күнтізбені дайындап, бекіту бағытында жұмыстану үстінде. Нақты атап айтар болсақ грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының 6-шы жазғы спартакиадасы (ақпан айы, Алматы қаласы) Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты (U15, U20) (наурыз айы, Семей қаласы).
Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты (U17, U23) (сәуір айы, Талдықорған қаласы)
Осылайша 2023 жылдың ақпан айында Қазақстан чемпионаты өтіп, соның нәтижесінде күрестің үш түрінен ұлттық құрама жасақталады. Олар сосын 2023 жылдың басты жарыстарына, оның ішінде сәуір айында өтетін Азия чемпионаты мен қазан айында өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындықты бастайды.
Бұдан бөлек қыркүйек айында кейінге шегерілген Азия ойындары өтеді. Екі басты жарыстың арасы өте тығыз болуына байланысты олимпиадалық салмақтағы бірінші нөмірлі балуандарды әлем чемпионатына, ал енді олимпиадалық емес салмақтың бетке ұстар балуандарын Қытайда өтетін Азия ойындарына қатыстырмақшымыз. Бүгінгі таңда федерацияның алдына қойып отырған басты мақсаты – Париж Олимпиадасына көбірек жолдама иелену.
0 comments