Жарыста бірінші болып сынға түскен грек-рим балуандары сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Команда қоржынына 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль түсті.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ролан Ким Азия чемпионы атанды. Ол финалда Үндістан өкілі Яш Яшпен кездесіп, 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
52 келіде Даниал Қанатбай да чемпиондық тұғырға көтерілді. Қазақстандық балуан финалда Жапония спортшысы Х.Миёшиден 9:0 есебімен басым түсіп, ел қоржынына екінші алтын медальды салды.
85 келіге дейінгі салмақта Ералы Мұратов үздік нәтиже көрсетті. Ол шешуші белдесуде Үндістан балуаны С.Раджвирдан 10:0 есебімен айқын басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Осылайша, грек-рим күресінен U15 құрамасы құрлық біріншілігін үш алтын медальмен бастап, жасөспірімдер арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасының әлеуетін көрсетті.
Күміс медаль иегері:
Осман Айтуған (57 кг).
Қола медаль иегерлері:
Исмағұлов Берекет (38 кг);
Жақсылық Райымбек (41 кг);
Амангелді Нұралы (44 кг);
Бәкір Руслан (68 кг).
Айта кетсек, U15 және U20 Азия чемпионаты 5 шілдеге дейін жалғасады.