Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Венгрияға жұмыс сапары кезінде Будапешттегі Иштван Козма атындағы күрес академиясында болды. Кездесу барысында екі елдің спорт саласындағы байланысын кеңейтуге бағытталған екі меморандумға қол қойылды.
Соның бірі Қазақстан және Венгрия күрес федерациялары арасындағы әріптестікті дамытуға арналған. Құжатты Еркін Оқасов пен Венгрия күрес федерациясының президенті Тамаш Лёринц бекітті.
Келісім ұлттық құрамалардың бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуін, спортшыларды өзара тәжірибе алмасуға жіберуді және екі елде ұйымдастырылатын жарыстарға қатысуды көздейді. Сонымен бірге жаттықтырушылар, төрешілер мен техникалық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, спорт ғылымының мүмкіндіктерін пайдалануға және заманауи даярлық әдістерін енгізуге басымдық беріледі.
Тараптар әйелдер және жасөспірімдер күресін дамыту, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ United World Wrestling аясындағы байланысты күшейту бағытында да бірлесіп жұмыс істейді.
Екінші меморандум Қазақстан күрес академиясы мен Иштван Козма атындағы Венгрия күрес академиясы қоры арасында бекітілді. Құжатқа Еркін Оқасов пен KIMBA қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ласло Шүле қол қойды.
Бұл келісім халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті балуандар даярлауға және болашақ Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін тәрбиелеуге бағытталған.
Екі академия спортшылар мен жаттықтырушыларды алмасып, ортақ оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Спорт дәрігерлері, оңалту мамандары, ғалымдар, диетологтер және дене дайындығына жауапты сарапшылар арасында кәсіби тәжірибе алмасу да қарастырылған.
Әріптестік аясында талантты жас балуандарды анықтау, спортшыларды ұзақмерзімді даярлау, жарақаттан кейін қалпына келтіру, тамақтану жүйесін жетілдіру, бейнеталдау мен заманауи спорттық технологияларды қолдану бағыттары қамтылады. Сонымен қатар жаттықтырушыларға арналған семинарлар, техникалық курстар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бұл құжаттар Қазақстан мен Венгрияның күрес саласындағы тәжірибе алмасуын жүйелеп, ұлттық құрамалар мен жас спортшыларды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Будапештте Имре Поляк, Янош Варга және Иштван Козма мемориалы аясындағы халықаралық рейтингтік турнир өтіп жатыр. Додада Қазақстан атынан 58 балуан сынға түсуде. 15-18 шілде аралығындағы жарыс қорытындысы бойынша күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы 10 медаль: 2 алтын, 2 күміс және 6 қола жеңіп алды.