Паттайядағы 15 және 20 жас санатындағы Азия чемпионаты Қазақстан балуандары үшін маңызды нәтижемен аяқталды. Басты жетістік – еркін күресінен U20 құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Жас балуандарымыздың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 2 қола. Атап айтқанда 61 және 74 келіде Бекасыл Ассамбек пен Нұрдәулет Сейілбеков Азия чемпионы атанды. Дәл осы нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының жалпыкомандалық бірінші орнына көтерілді. Ал U15 еркін күресінің құрамасы жарысты 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медальмен аяқтады. Ел қоржынына алтын медальды 41 келіге дейінгі салмақта белдескен Мирас Әбдікәрім салды.
Грек-рим және әйелдер күресінде де жүлде молынан салынған болатын. U15 санатында грек-рим күресінің құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңді. Яғни, 48 келіде Ролан Ким, 52 келіде Даниал Қанатбай, 85 келіде Ералы Мұратов Азия чемпионы атанды. U20 санатындағы грек-рим балуандарының еншісінде 3 күміс және 3 қола медаль.
Әйелдер күресінде де Қазақстан құрамасы жүлде санын толықтырды. U15 құрамасы 3 қола медаль иеленсе, U20 құрамасы 2 күміс және 3 қола медальді жеңіп алды.
Осылайша, жас балуандарымыз Паттайядағы Азия чемпионатын нәтижелі көрсеткішпен аяқтады. Біз барлық спортшылар мен жаттықтырушылар құрамасын айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз!