Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан U15&U20 Азия чемпионаты аясында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әйелдер күресінен белдесулер аяқталды. Қазақстанның жастар құрамасы әйелдер күресінен бес медаль жеңіп алды: екі күміс және үш қола.
65 келіге дейінгі салмақта Жаңыл Бекен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда Өзбекстан өкілі Мухайё Нарзиллоеваға есе жіберді. 68 келіге дейінгі салмақта Ұлдана Тілеухан күміс медаль иеленді. Финалдық белдесуде қазақстандық балуан Қытай спортшысы Чэньлин Суннан жеңіліп қалды.
Қазақстан құрамасы сапында Динара Дауылқызы, Анна Стратан және Айжан Мұратбай қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 53 келіге дейінгі салмақта Динара Дауылқызы қола жүлде үшін өткен белдесуде Қытайлық Тайбэй өкілі Вэй Тин Чэньді жеңді. 57 келіге дейінгі салмақта Анна Стратан Қытайлық Тайбэй балуаны Юй Сюань Чэньнен басым түсіп, үздік үштікке енді. Ал 59 келіге дейінгі салмақта Айжан Мұратбай қола медаль үшін өткен айқаста Филиппин өкілі Мириам Грейс Балисменнен басым түсті.
U15&U20 Азия чемпионаты 27 маусым мен 5 шілде аралығында Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатыр.