Конгрессте Қазақстан күрес федерациясының спортты дамыту жөніндегі директоры Ернар Үсенбаев күрес түрлері бойынша Қазақстан чемпионатына іріктеудің жаңа рейтингтік жүйесін енгізу ұсынды.
«Бұл жүйенің басты мақсаты – іріктеуді әділ әрі ашық ету. Спортшы жыл бойы рейтингтік турнирлерге қатысып, көрсеткен нәтижесіне қарай ұпай жинайды. Маусым соңында әр салмақта рейтингі ең жоғары балуандар Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Яғни, чемпионатқа қатысатын спортшылар жеке шешіммен емес, нақты нәтижемен анықталады. Қазіргі таңда чемпионаттарға қатысушылар саны тым көп. Кейбір жарыстарда бұл көрсеткіш 2 мың адамға дейін жетеді. Мұндай жағдайда жарыс бірнеше күнге созылып, белдесулер саны артады, салдарынан төрешілерге де, спортшыларға да салмақ түседі.
Ұсынылып отырған жүйе бойынша әр салмақта рейтингтің алғашқы 16 спортшысы ғана Қазақстан чемпионатына жіберіледі. Сонымен қатар, өткен маусымдағы чемпионға өз атағын қорғауға мүмкіндік беріледі. Рейтинг әр турнирден кейін жаңартылып, ашық жарияланып отырады», – деді Ернар Үсенбаев.