Конгрестің екінші бөлімінде өткен панельдік сессия Қазақстандағы грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың негізгі бағыттарын талқылауға арналды.
Пікірталас барысында федерация басшылығы, өңірлік федерациялардың өкілдері, ұлттық құрамалардың бапкерлері, төрешілер және саланың өзге де мамандары күрес түрлерінің қазіргі ахуалы мен болашақ даму перспективалары жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Панельдік сессияда еліміздегі күрес түрлерін басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, өңірлік федерациялардың жұмыс тиімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, бапкерлер мен төрешілерді даярлау, спорттық медицина және ғылыми сүйемелдеу мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Сонымен қатар, қатысушылар спортшыларды даярлаудың заманауи тәсілдері, рейтингтік жүйені енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, цифрландыру, күрес спортын коммерцияландыру және демеушілік тетіктерін дамыту бағытында да ұсыныстарын білдірді.
Пікірталастың қорытындысы бойынша Конгресте көтерілген бастамалар мен ұсыныстар жинақталып, Қазақстан күресін дамытудың алдағы кезеңіне арналған нақты міндеттер мен басымдықтарды айқындайтын қорытынды қарар қабылданады.
Панельдік сессияның басты мақсаты – «Біртұтас жүйе, қуатты өңірлер және жеңісті болашақ» қағидаты негізінде күрес қауымдастығының барлық өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыру және Қазақстан күресін жаңа даму деңгейіне көтерудің тиімді жолдарын қалыптастыру екенін еске саламыз.
Осымен бір күнге созылған Қазақстан күрес федерациясының Конгресі өз мәресіне жетті.