Жалпы 24.06.2026

«Біздің мақсат – ондаған жылдар бойы үздіксіз чемпиондар шығаратын жүйе құру» – Нұраддин Садықов

«Біздің мақсат – ондаған жылдар бойы үздіксіз чемпиондар шығаратын жүйе құру» – Нұраддин Садықов
← Артқа — Жаңалықтар

Астана қаласында өтіп жатқан Қазақстан күрес федерациясы Конгресінің барысында федерацияның бас хатшысы Нұраддин Садықов «Қазақстан Республикасында грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың кешенді жоспары туралы» баяндама жасады.

«Бүгінгі басты міндет – грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Қазіргі таңда өңірлердегі дайындық деңгейінің әртүрлілігі, спорт резервін сүйемелдеу, жарыстар жүйесін жаңғырту, цифрландыру және халықаралық бәсекелестіктің күшеюі нақты шешімді қажет етеді. Осыған байланысты федерация 2032 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынып отыр. Бұл құжатта күреске бұқаралық сипат беру, спорттық резерв даярлау, ұлттық құраманы күшейту, әйелдер күресін дамыту, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары қамтылған.

Көздегеніміз федерация, өңірлік федерациялар, клубтар, БЖСМ, академиялар, мектеп және студенттік лигалар арасындағы ортақ вертикаль қалыптастыру. Әр өңір бір жүйенің бөлігі ретінде жұмыс істеуі керек. Сонда ғана жас спортшы мектептен бастап ұлттық құрамаға дейін нақты жолмен өседі. Алдағы уақытта UWW-сайтының мысалында спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған ортақ ақпараттық-сараптамалық платформа құру жоспарланып отыр. Ол кейін федерацияның ресми сайтына қосылатын болады. Біздің мақсатымыз – бір ғана олимпиадалық циклге жұмыс істеу емес. Біз ондаған жылдар бойы үздіксіз чемпиондар шығаратын тұрақты жүйе құруымыз керек», – деді Нұраддин Садықов.

Бөлісу