Жалпы 24.06.2026

«Нағыз чемпион – денсаулығын сақтап, ұзақ жыл жоғары деңгейде өнер көрсететін спортшы» – Азамат Нұрматов

«Нағыз чемпион – денсаулығын сақтап, ұзақ жыл жоғары деңгейде өнер көрсететін спортшы» – Азамат Нұрматов
← Артқа — Жаңалықтар

Күрес спортындағы медициналық қауіпсіздік мәселесіне тоқталған спорттық медицина дәрігері Азамат Нұрматов грек-рим, еркін және әйелдер күресінде спортшы денсаулығын жүйелі бақылаудың маңызы туралы баяндама жасады.

«Чемпион болу тек күш пен техника емес. Спортшының ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде өнер көрсетуі оның денсаулығын қаншалықты дұрыс сақтайтынына тікелей байланысты. Бүгінде жас спортшылардың мансабын көбіне қарсылас емес, медициналық тексерістің болмауы, шамадан тыс жарысқа қатысу, ерте әрі қате салмақ қуу, белгісіз дәрі-дәрмек пен қоспаларды қолдану, сондай-ақ ұйқы мен күнделікті режимнің бұзылуы тоқтатады.

Әсіресе, 15-17 жаста салмақ қуу ағзаға ауыр соққы береді. Бұл кезеңде сусыздану, жүрекке түсетін жүктеме, дене қызуының көтерілуі және қалпына келудің баяулауы спортшының нәтижесіне ғана емес, денсаулығына да қауіп төндіреді. Қауіпті белгілер байқалса, салмақ қуу дереу тоқтатылуы керек.

Жыл сайынғы медициналық тексеріс, дұрыс жоспарланған жарыс күнтізбесі, қатаң бақыланатын салмақ қуу, дәрігер кеңесінсіз қоспа қолданбау және 8-10 сағаттық ұйқы – спортшы қауіпсіздігінің негізгі шарттары. Біздің басты қағидамыз қарапайым: алдымен нәтижеге емес, денсаулыққа басымдық берілуі керек. Себебі денсаулығын сақтай алған спортшы ғана чемпион бола алады», – деді Азамат Нұрматов.

 

Бөлісу