541 мыңнан астам оқырманы бар Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) ресми Instagram парақшасында қазақстандық халықаралық дәрежедегі төреші әрі UWW оқытушысы Игорь Лигай туралы арнайы жарияланым жарық көрді.
Жарияланымда жарақат салдарынан балуандық мансабын ерте аяқтаған Игорь Лигайдың күрестен қол үзбей, төрешілік жолды таңдағаны баяндалады. Табандылығы мен үздіксіз ізденісінің арқасында ол UWW-дің жоғары санатты төрешілерінің қатарына қосылып, Олимпиада ойындарында төрелік етті.
Бүгінде Игорь Лигай халықаралық жарыстарда төрешілік етумен қатар, UWW оқытушысы ретінде білімі мен тәжірибесін жас спортшылар мен жаттықтырушыларға үйретіп жүр. Ол OCA/UWW Азия жастарының оқу-жаттығу жиыны мен жаттықтырушылар курсына қатысып, өскелең ұрпақтың кәсіби дамуына үлес қосуда.
Қазақстан күрес федерациясы Игорь Лигайдың халықаралық аренадағы абыройлы қызметін мақтан тұтады. Оның өмір жолы – спортқа деген шынайы сүйіспеншілік, еңбекқорлық пен мақсатқа адалдықтың жарқын үлгісі.