Жалпы 24.06.2026

«Грек-рим күресінде нәтиже жоспарлы дайындық пен ішкі бәсекеден басталады» – Қонысбек Түкенов

«Грек-рим күресінде нәтиже жоспарлы дайындық пен ішкі бәсекеден басталады» – Қонысбек Түкенов
← Артқа — Жаңалықтар

Конгресте грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қонысбек Түкенов 2026 жылғы І жартыжылдығындағы құраманың дайындығы, халықаралық жарыстардағы нәтижесі және алдағы маңызды старттарға әзірлік барысы туралы айтты.

«Биыл ұлттық құрамасы үшін жауапты жыл. Алдымызда Азия ойындары, Әлем чемпионаты, U23 жас санатындағы әлемдік жарыстар және бірқатар халықаралық турнирлер тұр. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – спортшыларды бір ғана жарысқа емес, бүкіл маусымға жүйелі дайындау. 2026 жылғы жоспар бойынша ұлттық құрама 13 оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Оның 5-еуі шетелде өтеді. Сонымен қатар 13 халықаралық турнирге қатысу жоспарланған. Жыл басынан бері балуандар Анталия, Загреб, Тирана, Бішкек, Улан-Батор секілді жарыстар мен жиындарда тәжірибе жинады.

Халықаралық турнирлерде спортшыларымыз 3 алтын, 2 күміс және 11 қола медаль жеңіп алды. Жалпы 16 медаль – бұл атқарылып жатқан жұмыстың көрінісі. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Алда шешілуі тиіс мәселелер де бар. Кей салмақтарда ішкі бәсекені күшейту қажет. Халықаралық деңгейдегі спаррингті көбейтіп, спортшылардың тактикалық тұрақтылығын арттыруымыз керек. Сондай-ақ қалпына келу, медицина, салмақ реттеу және спорттық бақылау жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс.

Біздің басты мақсатымыз – Азия ойындары мен Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету», – деді Қонысбек Түкенов.

Бөлісу