Қазақ ұлттық спорт университетінде Бакуде өткен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық балуандарға құрмет көрсетілді. Жас спортшыларды Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстанның күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов марапаттап, оларды әлемдік додадағы нәтижелерімен құттықтады.
Баку бозкілеміндегі бәсеке Қазақстан құрамасы үшін нәтижелі аяқталған болатын. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен сынға түскен жас балуандар 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Сөйтіп, үш күрес түрінің жиынтық есебінде жалпы 225 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы әлемнің үздік бес командасының қатарына еніп, Азияда үшінші, ал Орталық Азия елдері арасында бірінші нәтиже көрсетті.
Кездесуде министр спортшылар мен оларды жарысқа дайындаған бапкерлерді құттықтап, Бакуде жинаған тәжірибенің алдағы ірі додаларда маңызды болатынына тоқталды.
– Жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Жоғары нәтижелеріңіз барша еліміздің мақтанышы. Қазақстанның күрес федерациясына ерекше алғысымды білдіремін. Федерация мен жаттықтырушылар штабының үйлесімді жұмысының, сондай-ақ сапалы ұйымдастырудың нәтижесінде спортшыларымыз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл ұзақ жылғы дайындық пен табанды еңбектің жемісі, – деді Ербол Қуантайұлы.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов жасөспірімдер құрамасының Бакудегі нәтижесін жүйелі еңбектің жемісі деп бағалады.
– Бүгін бәріміз үшін қуанышты әрі маңызды күн. Бакуде өткен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған жас балуандарымыздың басын қосып, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетіп отырмыз. Мұндай кездесулер жас балуандарға үлкен жігер береді. Олар өз жеңістерінің ел назарынан тыс қалмайтынын, мемлекет тарапынан әрдайым қолдау бар екенін сезінеді. Бүгінгі жасөспірімдер ертеңгі жастар және ересектер құрамасының мүшелері. Сондықтан олардың спорттық өсімін қазірден жүйелі жалғастыру маңызды, – деді Еркін Қадырғалиұлы.
Әлем чемпионатында Дияр Аманәлі (55 кг) мен Бақдәулет Ағабек (48 кг) алтын медаль иеленді. Әли Алмас (48 кг) пен Айша Әбдімәлік (65 кг) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Әлинұр Төлеуғали (71 кг), Інжу Баққожа (46 кг), Мардан Орынбасар (60 кг) және Әділет Рысбай (71 кг) қола медаль жеңіп алды. Осы сегіз жүлденің ішінде Бақдәулет Ағабектің жеңісі еркін күресі үшін айрықша мәнге ие болды. Қазақстан балуандары U17 Әлем чемпионатында еркін күрестен 2022 жылдан бері алтын медаль иеленбеген еді. Осылайша, төрт жылдық үзілістен кейін Бақдәулет Ағабек ел қоржынына чемпиондық жүлде салды.
Осыдан кейін Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жоғары спорттық нәтиже көрсеткен сегіз балуанға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің Алғыс хаты және Қазақстанның күрес федерациясы тарапынан ақшалай сыйақы сертификаттары табысталды. Атап айтқанда, Әлем чемпиондары Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабекке 2 миллион теңгеден, күміс жүлдегерлер Әли Алмас пен Айша Әбдімәлікке 1 миллион 500 мың теңгеден, ал қола жүлдегерлер Әлинұр Төлеуғали, Мардан Орынбасар, Әділет Рысбай және Інжу Баққожаға 1 миллион теңгеден сыйақы берілді. Сондай-ақ, Қазақстанның күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов қос Әлем чемпионы Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабекке өз атынан 3 миллион теңгеден қосымша сыйақы беретінін хабарлады.
Марапаттау рәсімінде бапкерлердің еңбегіне де лайықты құрмет көрсетілді. Атап айтар болсақ, еркін күресінен U17 Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Жасұлан Мұхтарбекұлы «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталса, грек-рим күресінен U17 Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Асхат Жаңбыровқа «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Сонымен қатар, ұлттық құрама спортшыларын халықаралық жарыстарға даярлауға қосқан үлесі үшін Заманбек Хамитов, Дәурен Кегенбаев, Руслан Итемгенов, Пернебек Беласар, Мұрат Әміров, Тимур Үркімбаев, Еркебұлан Кешубаев және Дәулет Нұрғожа министдің Құрмет грамотасымен марапатталды.