Қазақстандық күрес федерациясы мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі олимпиадалық күрес түрлерін дамытуға, жоғары дәрежелі спортшыларды қолдауға және спорттық резервті даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов пен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қол қойды.
Меморандум федерация мен Қорғаныс министрлігі арасындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайды. Оның аясында грек-рим және еркін күрестен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, спортшылар мен мамандардың халықаралық оқу-жаттығу іс-шараларына қатысуына жағдай жасау, тәжірибе алмасу және халықаралық әскери-спорттық ынтымақтастықты кеңейту көзделген.
Келісімнің маңызды бағыттарының бірі – ұлттық құрама спортшыларының кәсіби мансабы мен әскери қызметін қатар алып жүруіне мүмкіндік беру. Ұлттық құрама мүшелері халықаралық жарыстар мен ірі спорттық додаларға дайындығын үзбей, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Спорт ротасында әскери қызметін өтей алады.
Сонымен қатар, спорттық резервті даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған, болашағынан зор үміт күттіретін жас балуандарға Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде «Еркін күресі» және «Грек-рим күресі» мамандықтары бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Бұл бастама жас спортшылардың сапалы білім алып, жүйелі жаттығуын жалғастыруына және алдағы уақытта ұлттық құрама сапына қосылуына жол ашады.
Меморандум аясында спорттық инфрақұрылымды жетілдіру де қарастырылған. Бюджеттен тыс қаражат есебінен спорт нысандарын заманауи күрес кілемдерімен және арнайы спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қазақстандық күрес федерациясы үшін бұл келісім спортшыларды даярлаудың сабақтастығын қамтамасыз етуге, жас балуандарды қолдауға, ұлттық құраманың кадрлық әлеуетін арттыруға және армия спортымен байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Екіжақты ынтымақтастық еліміздегі олимпиадалық күрес түрлерінің дамуына серпін беріп, қазақстандық балуандардың халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қажетті мүмкіндіктерді кеңейтеді деп күтілуде.
КҮРЕС ПЕН ӘСКЕРИ СПОРТ: ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ