Биыл Қазақстан күрес федерациясы төрағасының орынбасары, даңқты балуан Юрий Мельниченконың 1996 жылы Атланта Олимпиадасында ел қоржынына алтын медаль салған тарихи жеңісіне 30 жыл толды.
Осы айтулы датаға орай Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Юрий Васильевичке Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын табыстады.
Сонымен қатар даңқты балуанның спорттағы толағай жетістіктері, отандық күрестің дамуына сіңірген зор еңбегі және кейінгі буын спортшыларын даярлауға қосқан үлесі ескеріліп, Қазақстан күрес федерациясының атынан автокөлік сертификаты табыс етілді.
Юрий Мельниченко – тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихында грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған даңқты балуан. Ол – екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушысы және еңбек сіңірген қайраткері.
Оның Атланта бозкілеміндегі жарқын жеңісі отандық спорт тарихына алтын әріптермен жазылып, қазақстандық балуандардың бірнеше буынына өшпес өнеге болды. Юрий Васильевич спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де ел күресінің дамуына белсенді атсалысып, мол тәжірибесі мен білімі арқылы жаңа чемпиондардың қалыптасуына үлес қосып келеді.
ЮРИЙ МЕЛЬНИЧЕНКОНЫҢ АТЛАНТА ОЛИМПИАДАСЫНДАҒЫ ТАРИХИ ЖЕҢІСІНЕ – 30 ЖЫЛ!