Жалпы 06.08.2026

ЕСЕНКЕЛДІ БАТЫРҒАРИНДІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР АЯҚТАЛДЫ

ЕСЕНКЕЛДІ БАТЫРҒАРИНДІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР АЯҚТАЛДЫ
← Артқа — Жаңалықтар

Ақтөбе қаласында грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының иегері, Бүкілодақтық Универсиада чемпионы, КСРО халықтарының X жазғы Спартакиадасының жеңімпазы Есенкелді Батырғаринді еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы дәстүрлі республикалық турнир өтті.

Жарысқа еліміздің 13 өңірінен келген 16 команданың құрамында 125 спортшы қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Аталған турнир АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатына іріктеу жарыстарының бірі саналады. Сондықтан бозкілемдегі әр белдесу балуандар үшін халықаралық додаға жолдама алуда маңызды мүмкіндік болды.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Олимпиада және әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Юрий Мельниченко, грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қонысбек Төкенов, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері Алмат Кебіспаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Есенкелді Батырғаринді еске алуға арналған дәстүрлі турнир жас балуандардың тәжірибе жинақтауына, спорттық шеберлігін шыңдауына және ұлттық құрама резервін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды жарыстардың бірі болып қала береді.
 

Бөлісу