Қазақстан күрес федерациясының кеңсесінде Федерация төрағасы Еркін Оқасовтың қатысуымен жұмыс жиыны өтті. Кездесудің күн тәртібінде ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы және Астанада өтетін күрес түрлерінен Әлем чемпионатын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жиын барысында Федерацияның құрылымдық бөлім басшылары өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ұлттық құрама мүшелерін медициналық және қалпына келтіру тұрғысынан сүйемелдеу, оқу-жаттығу жиындары кезіндегі дайындық үдерісін тұрақты бақылау, спортшылардың режимі мен тәртібі, сондай-ақ маусымның басты халықаралық жарыстарына жеке жоспар бойынша әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Азия ойындарынан кейін спортшылардың бабын сақтау, салмақ дәрежелерін бақылау және Әлем чемпионатына жоспарлы түрде дайындалу бағытындағы кешенді жұмыстың тетіктері талқыланды.
Астанадағы Әлем чемпионатын ұйымдастыру аясында медициналық қамтамасыз ету, жедел жәрдем бригадаларының кезекшілігі, билет бағасы мен санаттарын қамтитын билет бағдарламасы, жанкүйерлерге арналған интерактивті жобалар, спорттық презентация, салтанатты рәсімдердің режиссурасы, жарыс нысандарының қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайы пысықталды.
Бұдан бөлек, Федерация аясындағы жарыстарды өткізудің бірыңғай ұйымдастырушылық стандартын әзірлеу, ресми сайт пен ақпараттық ресурстардың киберқауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ спортшылардың көрсеткіштерін, қарсыластардың белдесу мәнерін және жарыс статистикасын сараптайтын аналитикалық штаб құру мәселелері көтерілді. Аналитикалық жұмыста заманауи цифрлық құралдар мен бейнеталдау технологияларын пайдалану жоспарланып отыр.
Жиынды қорытындылаған Еркін Оқасов Азия ойындары мен Әлем чемпионатына дайындықты жүйелі жүргізіп, әр бағыт бойынша белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындау қажеттігін атап өтті.
Кездесу соңында жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.