Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Венгрияға жұмыс сапары аясында Будапешт қаласында өтіп жатқан халықаралық рейтингтік турнирге барды.
Федерация басшысы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамаларының спортшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Басқосу барысында жарыстың өту барысы, балуандардың дайындығы және алдағы маңызды додаларға әзірлік мәселелері талқыланды.
Еркін Оқасов федерация тарапынан ұлттық құрама мүшелеріне жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтіп, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан бозкілемге шығу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтып, әр балуанға сенім артатынын жеткізді.
Кездесуде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін ХХ жазғы Азия ойындары мен Астанадағы Әлем чемпионатына дайындыққа ерекше назар аударылды. Федерация төрағасы алдағы жауапты жарыстарда ел намысын абыроймен қорғау үшін дайындықтың әр кезеңіне мұқият қарау қажеттігін атап өтіп, спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 15–17 шілде аралығында Будапешттегі рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.