Жалпы 03.08.2026

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК БЕС КҮРЕС ДЕРЖАВАСЫНЫҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК БЕС КҮРЕС ДЕРЖАВАСЫНЫҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ
← Артқа — Жаңалықтар

Әзірбайжан астанасы – Бакуде өткен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін қос чемпиондықпен ғана емес, жалпыкомандалық есептегі жоғары көрсеткішпен де қорытындыланды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінің нәтижелері бойынша 225 ұпай жинаған ел құрамасы әлемнің үздік бес командасының қатарына енді.

Жалпы есепте Ресей 305 ұпаймен бірінші орын алса, АҚШ 294 ұпаймен екінші, Үндістан 250 ұпаймен үшінші, Иран 231 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. Қазақстан 225 ұпаймен бесінші сатыдан көрініп, Өзбекстан, Украина, Жапония, Әзербайжан және Түркия құрамаларын артта қалдырды. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Азияның үздік үш құрамасының қатарына қосты. Құрлық елдері арасында біздің команда Үндістан мен Ираннан кейінгі үшінші нәтижені көрсетті. Ал Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орынға ие болды.

Баку бозкілемінде Қазақстан балуандары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Дияр Аманәлі (55 кг) мен Бақдәулет Ағабек (48 кг) Әлем чемпионы атанса, Әли Алмас (48 кг) пен Айша Әбдімәлік (65 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Әлинұр Төлеуғали (71 кг), Інжу Баққожа (46 кг), Мардан Орынбасар (60 кг) мен Әділет Рысбай (71 кг) қола медаль иеленді.

Тарқатып айтар болсақ, Қазақстан құрамасының алғашқы алтынын грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Дияр Аманәлі жеңіп алды. Ол финалға дейін төрт қарсыласын жолдан шығарып, шешуші белдесуде Венгрия өкілі Кеве Вазул Ковачпен кездесті. Әр ұпайдың салмағы артқан тартысты белдесу 1:1 есебімен аяқталды. Алғашқы нәтижелі әрекет Диярға тиесілі болғандықтан, қосымша көрсеткіш бойынша жеңіс қазақстандық балуанға берілді.

Оның финалға дейінгі жолында да осал белдесу болған жоқ. Дияр іріктеу кезеңінде Грекия өкілін 8:0 есебімен ұтып, одан кейін Ресей мен Грузия балуандарынан сәйкесінше, 3:1 және 2:1 есебімен басым түсті. Жартылай финалда болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен жеңіп, алтын жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.

Қазақстанның Бакудегі екінші алтыны еркін күресінен бұйырды. 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бақдәулет Ағабек бес белдесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. Жартылай финалда Өзбекстан өкілі Фаррух Махмудовты 7:3 есебімен ұтқан ол шешуші кездесуде Үндістан балуаны Аарьянға қарсы шықты. Бақдәулет финалды жоғары қарқында бастап, есепті 10:0-ге жеткізіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады.

Бұл жеңістің жөні бөлек. Қазақстан еркін күресінен U17 Әлем чемпионатында 2022 жылдан бері алтын жүлдеге қол жеткізе алмай келген еді. Бақдәулет төрт жылдық үзіліске нүкте қойды. Оның бір жыл ішіндегі ілгерілеуі де назар аударады: 2025 жылы әлем біріншілігін бесінші орынмен аяқтаған жас балуан биыл жаңа салмақта бес кездесудің барлығын жеңіп, Әлем чемпионы атанды.

Қалған алты жүлде де құраманың жалпыкомандалық есебіне елеулі үлес қосты. Грек-рим күресінен Әли Алмас (48 кг) күміс, Әлинұр Төлеуғали (71 кг) қола жүлде алды. Әйелдер күресінде Айша Әбдімәлік (65 кг) финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленсе, Інжу Баққожа (46 кг) әлем біріншілігінде екінші жыл қатарынан жүлдегер атанды. Еркін күрестен Мардан Орынбасар (60 кг) мен Әділет Рысбай (71 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.

Статистикалық деректерді сөйлетейік. Биылғы көрсеткішті 2025 жылы Афинада өткен Әлем чемпионатының ресми қорытындысымен салыстырғанда жүлделердің сапалық құрамы айқын көрінеді. Былтыр Қазақстан құрамасының есебінде бір алтын, екі күміс және жеті қола медаль болған еді. Яғни, Бакуде Әлем чемпиондарының саны біреуден екеуге жетіп, финалға шыққан қазақстандық балуандар қатары үштен төртке көбейді.

Еркін күресте былтырғы үш қола жүлденің орнына биыл бір алтын мен екі қола бұйырды. Әйелдер күресінде екі жүлделік көрсеткіш сақталып, оның бірі күміс медальға айналды. Ал грек-рим құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленіп, жүлденің үш түрінен де нәтиже көрсетті.

Бұл жетістіктер жасөспірімдер құрамасын жүйелі даярлау мен спортшыларға қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстанның күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов Бакуге аттанғалы жатқан ұлттық құрамамен кездескен кезде жас балуандардың дайындығын күшейту мен олардың әлеуетін толық ашу федерация жұмысының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын.

«Ұлттық құраманың халықаралық додаларға сапалы дайындалуына федерация тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. U17 Әлем чемпионаты аясында да оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, медициналық қолдауға және спортшыларға қажетті жағдай жасауға басымдық берілді. Әр жүлденің артында балуандардың табанды еңбегі, жаттықтырушылардың маңдай тері және жүйелі дайындық тұр. Біз жас спортшыларды қолдауды, олардың шеберлігін шыңдауға қажетті мүмкіндіктер жасауды және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыруды жалғастырамыз», – деді балуандарға сәт сапар тілеген Еркін Қадырғалиұлы.

Бакудегі Әлем чемпионаты Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жекелеген салмақтарда ғана емес, үш күрес түрінің жиынтық нәтижесі бойынша да әлемдік бәсекеге дайын екенін көрсетті. Қос алтын, төрт финал және жалпыкомандалық есептегі бесінші орын атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, алтын жүлдеге таласатын салмақтардың қатарын арттыру.

Бөлісу