Әзірбайжанның астанасы Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында грек-рим күресінің бәсекесі аяқталды.
Әсхат Жанбыров жетекшілік еткен Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Дияр Аманәлі Әлем чемпионы атанса, Әли Алмас күміс, ал Әлинұр Төлеуғали қола жүлдеге ие болды. Осы нәтиженің арқылы Қазақстан медальдық есепте төртінші орынға тұрақтады.
Медальдық есептің үздік бестігі:
Ресей — 2 алтын, 1 күміс, 3 қола;
Иран — 2 алтын, 2 қола;
Украина — 1 алтын, 2 күміс;
Қазақстан — 1 алтын, 1 күміс, 1 қола;
АҚШ — 1 алтын, 1 күміс.
Дияр Аманәлінің алтынға бастар жолы
55 келіге дейінгі салмақта белдескен Дияр Аманәлі жарысты Николаос Зинисаны (Грекия) 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңуден бастады. Одан кейін ресейлік Эдем Пайзиевтен 3:1 есебімен басым түсіп, ширек финалда Гиорги Кеделидзені (Грузия) 2:1 есебімен ұтты.
Жартылай финалда Данимир Йордановты (Болгария) 8:1 есебімен жеңген қазақстандық балуан финалда Кеве Ковачпен (Венгрия) кездесті. Белдесу 1:1 есебімен аяқталып, қосымша көрсеткіш бойынша жеңіс Диярға берілді. Осылайша ол Әлем чемпионы атанды.
Әли Алмастың күміс жүлдеге дейінгі жолы
48 келіде сынға түскен Әли Алмас 1/8 финалда Бенедек Томборды (Венгрия) 9:0, ширек финалда Абдышүкір Дурусалиевті (Қырғызстан) 8:0 есебімен техникалық басымдықпен жеңді.
Жартылай финалда Арарат Аветисяннан (Армения) 4:1 есебімен басым түскен Әли финалда Солтан Юсуповпен (Ресей) белдесті. Шешуші кездесуде 3:8 есебімен есе жіберіп, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Әлинұр Төлеуғалидың қола жүлде үшін жолы
71 келіде күрескен Әлинұр Төлеуғали алғашқы белдесуінде Аслан Дзуевке (Ресей) 3:6 есебімен ұтылды. Ресейлік балуан финалға шыққаннан кейін отандасымыз жұбаныш белдесулерінде күресуге мүмкіндік алды.
Әлинұр алдымен Богдан Талмачиді (Молдова) 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Кейін Роман Иванюкпен (Украина) өткен тартысты белдесу 2:2 есебімен аяқталып, UWW ережесіне сәйкес жеңіс қазақстандық балуанға берілді.
Қола медаль үшін өткен кездесуде Әлинұр ирандық Эсмаил Захердустты 11:3 есебімен жеңіп, Әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
Осылайша, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Бакудегі грек-рим күресі бәсекесін үш жүлдемен қорытындылады: 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль.