Грек-рим күресі 23.07.2026

«АЛМАТАУДА» БАКУГЕ БАРАТЫН ҚҰРАМНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛУДА

«АЛМАТАУДА» БАКУГЕ БАРАТЫН ҚҰРАМНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛУДА
← Артқа — Жаңалықтар

Грек-рим күресінен Қазақстанның U17 құрамасы Түркістан облысындағы «Алматау» оқу-жаттығу базасында әлем чемпионаты алдындағы дайындықтың қорытынды кезеңін өткізіп жатыр.

Бұл 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі қарсаңындағы үшінші әрі соңғы оқу-жаттығу жиыны. Дайындыққа әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын 10 балуанмен қатар, әр салмақтағы екінші және үшінші нөмірлі спортшылар да тартылған. Жалпы жиынға 32 балуан қатысуда.

Жаттығу барысында спортшылардың физикалық жағдайы, техникалық шеберлігі және тактикалық дайындығы пысықталуда. Бапкерлер штабы әр балуанның қазіргі бабын бақылап, кілемдегі қимыл-қозғалыс, әдіс орындау, қорғаныстан шабуылға көшу және белдесу кезінде шешім қабылдау бағыттарына басымдық беріп отыр.

Грек-рим күресінен U17 құрамасының аға жаттықтырушысы Асхат Жаңбыровтың айтуынша, негізгі құраммен бірге қосалқы спортшылардың дайындалуы команда ішіндегі бәсекені арттыруға мүмкіндік береді.

«Әлем чемпионатына қатысатын 10 балуанымыз анықталды. Соған қарамастан әр салмақтағы екінші және үшінші нөмірлі спортшыларды да жиынға қостық. Бұл негізгі құрам мүшелерінің босаңсуына жол бермей, ішкі бәсекені күшейтеді. Қазір әр балуанның техникалық-тактикалық дайындығына және белдесу кезіндегі шешім қабылдауына ерекше көңіл бөліп жатырмыз», – деді Асхат Жаңбыров.

U17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 27 шілде мен 2 тамыз аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өтеді. Әлемдік додада 17 жасқа дейінгі спортшылар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жүлделерді сарапқа салады.

Баку төріндегі жарыста грек-рим күресінен Қазақстан атынан 10 балуан сынға түседі.

Бөлісу