Паттайяда U15&U20 Азия чемпионаты аясында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында грек-рим күресінен жарыстың екінші күні аяқталды.
Екінші жарыс күнінде Қазақстанның жастар құрамасы үш медаль жеңіп алды: бір күміс және екі қола. Командалық есепте Қазақстан 141 ұпай жинап, жалпыкомандалық 4-орынға ие болды.
82 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Анапия Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол жартылай финалда Тәжікстан өкілі Мұхаммад Султонзоданы мерзімінен бұрын жеңді. Алайда финалда ирандық балуан Алиреза Аббас Мохаммад Хоссейниге есе жіберді.
Қазақстан құрамасы сапында 60 келіге дейінгі салмақта Алпамыс Болатұлы және 97 келіге дейінгі салмақта Максим Украинцев қола медаль жеңіп алды. Болатұлы үшінші орын үшін өткен белдесуде жапониялық Юсукэ Хиротаны жеңді. Ал Украинцев қола жүлде үшін белдесуде Қытай өкілі Синью Люден басым түсті.
U20 санатындағы грек-рим күресінен жарыстар 1–2 шілде күндері өтті. 3 шілде күні Паттайяда әйелдер күресінен барлық он салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтеді. Таңертең іріктеу кезеңдері мен жартылай финалдар, одан кейін жұбаныш белдесулері жоспарланған.
Финалдық кездесулер мен медаль үшін белдесулер жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де басталады.
Қазақстандық U20 балуандары Паттайядағы Азия чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды