17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрес түрлерінен Азия чемпионатында әйелдер күресінің белдесулері басталды. Алғашқы жарыс күні бес салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасының балуандары төрт медаль үшін белдесуге қатысып, нәтижесінде екі күміс медаль жеңіп алды.
46 келіге дейінгі салмақта Баққожа Інжу финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде жапон спортшысына жол берді. Осылайша, қазақстандық балуан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Дәл осындай нәтижені 53 келіге дейінгі салмақта Арайлым Көпжасар көрсетті. Финалда ол да Жапония өкіліне есе жіберіп, жарысты күміс медальмен аяқтады.
Сонымен қатар, тағы екі қазақстандық спортшы қола медаль үшін күресті. 61 келіге дейінгі салмақта Полатбай Әйгерім Үндістан спортшысына есе жіберді.
Ал 69 келіге дейінгі салмақта Хадиша Флюк қола жүлде үшін өткен белдесуде Жапония балуанына жол беріп, жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.
Осылайша, әйелдер күресінен U17 Азия чемпионатының алғашқы күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі күміс медаль жеңіп алды.