ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан құрамасы Ulaanbaatar Open турнирінің соңғы күнінде бес медаль жеңіп алды

07.06.2026 · Вольная

← Артқа Жаңалықтар
Қазақстан құрамасы Ulaanbaatar Open турнирінің соңғы күнінде бес медаль жеңіп алды

Моңғолия астанасында өткен халықаралық рейтингтік Ulaanbaatar Open турнирі өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күні еркін күрес шеберлері жеті салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

57 келіге дейінгі салмақта Мейрамбек Қартбай қола жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Тәжікстан өкілі Айал Белолюбскийді 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осы салмақта Абзал Өкенов те қола медаль үшін күрескенімен, үндістандық балуанға 3:6 есебімен жол берді. Ал Мерей Базарбаев жарысты ертерек аяқтады.

61 келіге дейінгі салмақта Асыл Айтакын финалға дейін жетті. Алтын медаль үшін өткен белдесуде ол үндістандық Дипак Дипакқа қарсы күресіп, 0:6 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша, қазақстандық балуан күміс жүлдегер атанды. Бұл салмақта Әділет Әлмұхамедов қола медаль иеленді. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол ресейлік Баир Баядниевтен басым түсті. Асылжан Есенгелді жарысты алғашқы белдесуінен кейін аяқтады.

65 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын Адлан Асқаров пен Өсімжан Дастанбек қорғады. Екі балуан да қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алғанымен, шешуші белдесулерде жеңіліс тауып, жүлдесіз қалды.

70 келіге дейінгі салмақта қазақстандық спортшылар жүлделі орындарға қол жеткізе алмады. Родион Анчугин Қырғызстан өкілі Рустамжан Кахаровқа 3:4 есебімен есе жіберсе, Бағдәулет Акимжан моңғолиялық балуаннан 6:9 есебімен жеңілді.

79 келіге дейінгі салмақта Шәмсат Таир қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен қазақстандықтар арасындағы белдесуде ол Нұрдәулет Қуанышбайды 5:4 есебімен ұтты. Бұған дейін Шәмсат жартылай финалға дейін жетіп, ирандық балуанға мерзімінен бұрын жол берген болатын.

97 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Бекен алғашқы белдесуінде жеңілгенімен, қарсыласының финалға шығуына байланысты жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандық балуан Аустралия өкілін жеңді, алайда қола медаль үшін өткен кездесуде Қытай спортшысына 0:11 есебімен мерзімінен бұрын есе жіберді.

125 келіге дейінгі ең ауыр салмақта Едіге Қасымбек күміс медаль жеңіп алды. Ол финалға дейін Оңтүстік Корея (7:1), Польша (6:1) және Венесуэла (2:2) спортшыларын жеңді. Алайда финалда үндістандық Динеш Динешке 0:2 есебімен жол беріп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.

Осылайша, Ulaanbaatar Open турнирінің соңғы жарыс күнінде Қазақстанның еркін күрес құрамасы бес медаль жеңіп алды. Күміс жүлдені Асыл Айтакын (61 кг) мен Едіге Қасымбек (125 кг) иеленсе, қола медальдарға Мейрамбек Қартбай (57 кг), Әділет Әлмұхамедов (61 кг) және Шәмсат Таир (79 кг) қол жеткізді.