Тәжірибелі маман Маирбек Юсупов еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің көмекшісі қызметіне кірісті. Ол Азия ойындары мен Астанада өтетін Әлем чемпионатына дайындық барысында негізгі құрамдағы балуандармен жұмыс істеп, оқу-жаттығу үдерісіне қатысуда.
Ұлттық құраманың дайындығында отандық бапкерлер мектебінің тәжірибесі басты назарда қала береді. Себебі, Қазақстанда еркін күрестің дамуына ұзақ жыл еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Осыған байланысты команданы бұған дейін басқарған Руслан Өмірәлинов пен Алтай Таныбаев секілді тәжірибелі бапкерлермен кәсіби пікір алмасу және кеңесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Биыл Қазақстан құрамасын Азия ойындары мен Астанада өтетін Әлем чемпионаты күтіп тұр. Дайындық мерзімінің шектеулі болуына байланысты ұлттық құраманың жүйесін, жұмыс тәртібін және спортшылардың мүмкіндігін жақсы білетін тәжірибелі маманды шақыруға басымдық берілді. Сондықтан бапкерлер штабының жұмысын халықаралық тәжірибемен толықтыру мақсатында әртүрлі елдерде еңбек еткен Маирбек Юсуповті шақыру туралы шешім қабылданды. Ол Қазақстан құрамасының ішкі жұмыс жүйесін жақсы біледі және көптеген балуанмен бұған дейін де бірге жұмыс істеген. Сондықтан оның тәжірибесі қазіргі бапкерлер штабының жұмысына қосымша серпін беріп, алдағы жарыстарға дайындықты күшейтуге ықпал етеді деп күтіледі.
Маирбек Юсупов 2017-2021 жылдары еркін күресінен ұлттық құраманың бапкерлер штабында жұмыс істеген-ді. Осы кезеңде Қазақстан балуандары Олимпиада ойындарында 1 қола, Әлем чемпионаттарында 3 күміс пен 3 қола, 2018 жылғы Азия ойындарында 1 күміс пен 2 қола, ал Азия чемпионаттарында 10 алтын, 5 күміс және 12 қола медалін жеңіп алды.
Жаңа қызметінде Маирбек Юсупов Азия ойындары мен Әлем чемпионатына дайындалып жатқан негізгі құрамдағы балуандармен, сондай-ақ алдағы Олимпиада ойындарына үміткер ретінде қарастырылып отырған перспективалы спортшылармен жұмыс істейді. Ол оқу-жаттығу үдерісіне қатысып, балуандардың техникалық-тактикалық дайындығына жауапты болады.
Қазіргі уақытта басты назар Азия ойындары мен Әлем чемпионатына аударылған. Сонымен қатар, Маирбек Юсуповпен жұмысты олимпиадалық цикл аясында жалғастыру жоспарланып отыр. Түпкі мақсат – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадасы ойындарында жоғары нәтиже көрсетуге қабілетті бәсекеге төзімді құрам жасақтау.
Қазақстандық бапкерлердің көп жылғы еңбегі мен тәжірибесі – біздің негізгі тірегіміз. Ал Маирбек Юсуповтың халықаралық тәжірибесі сол жұмысты толықтырып, командаға қосымша күш береді деген сенімдеміз.