ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада ауғанстандық күрес және бокс жаттықтырушыларына арналған курстар басталды

19.06.2026 · Жалпы

← Артқа Жаңалықтар
Астанада ауғанстандық күрес және бокс жаттықтырушыларына арналған курстар басталды

Астанада Ауғанстаннан келген жаттықтырушыларға арналған біліктілікті арттыру техникалық курстары өтіп жатыр. Білім беру және тәжірибелік бағдарлама олимпиадалық екі спорт түрін – бокс пен күресті қамтиды.

Жоба Халықаралық Олимпиада комитетінің Olympic Solidarity жаһандық бағдарламасы аясында және Біріккен күрес әлемі (UWW) мен World Boxing ұйымдарының тікелей қолдауымен жүзеге асырылуда.

Курстардың негізгі мақсаты – шетелдік мамандардың біліктілігін арттырып, заманауи техникалық білім беру. Оқу бағдарламасы жаттықтырушыларды спортшыларды даярлаудың өзекті әдістемелерімен, жаттығу процесін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен және халықаралық талаптармен таныстыруға бағытталған.

Оқыту бағдарламасына қатысу үшін Қазақстан астанасына Ауғанстаннан 20 маман келді. Олардың қатарында күрес бойынша 11 және бокс бойынша тоғыз жаттықтырушы бар. Оқу процесі күн сайын жеті сағатқа дейін жалғасатын теориялық және практикалық сабақтарды қамтиды. Негізгі назар төрешіліктің заманауи халықаралық стандарттарын, допингке қарсы өзекті регламенттерді және жарысқа дайындықтың озық жүйелерін меңгеруге аударылған.

Дәрістер мен семинарлар «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтуде. Ал практикалық сабақтар салалық нысандарда ұйымдастырылған: бокс бойынша жаттығулар «Астана» ОДО рингтерінде, ал күрес сабақтары Халықаралық күрес академиясының залында өткізілуде.

Күрес бойынша курстың бас дәріскер әрі нұсқаушысы – 2006 жылғы әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының үш дүркін қатысушысы Мохаммед Абдельфатах. Ол АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласындағы Ұлттық олимпиадалық даярлық орталығын басқарған және NCAA университеттік лигасында жұмыс істеген мол тәжірибеге ие.

World Boxing бағыты бойынша білім беру бағдарламасын қазақстандық жетекші мамандар мен сертификатталған сарапшылар жүргізуде. Олардың қатарында спорт шеберлігіне кандидат Шахарман Мақсұт, сондай-ақ педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі, Азия чемпионатының жүлдегері және әлем чемпионатының қатысушысы Айдос Арапов бар.

Оқу қорытындысы бойынша ресми аттестация өткізіледі. Курстар аяқталып, емтихандар сәтті тапсырылғаннан кейін барлық қатысушыларға UWW және World Boxing ұйымдары мойындайтын халықаралық Level 1 деңгейіндегі жаттықтырушы сертификаттары табысталады. Бұл сертификаттар мамандардың халықаралық талаптарға сай біліктілігін растауға және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.