Жалпы 02.07.2026

Қазақстан күрес федерациясы, UWW және Қазақ ұлттық спорт университеті үшжақты меморандумға қол қойды

Қазақстан күрес федерациясы, UWW және Қазақ ұлттық спорт университеті үшжақты меморандумға қол қойды
← Артқа — Жаңалықтар

Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің салтанатты ашылу рәсімі аясында Қазақстан күрес федерациясы, United World Wrestling және Қазақ ұлттық спорт университеті арасында үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева, Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов және United World Wrestling президенті Ненад Лалович қол қойды. Үшжақты құжат күрес саласындағы білім беру, спорт ғылымы, спортшыларды дамыту, жаттықтырушыларды даярлау, ғылыми зерттеу, инновация және халықаралық ынтымақтастық бағыттарын қамтиды. Тараптар күресті академиялық білім, ғылыми ізденіс және кәсіби даярлық арқылы дамытуға ортақ мүдделі екенін атап өтті.

Меморандум аясында күрес және оған жақын спорт түрлері бойынша ғылыми әрі академиялық ынтымақтастықты күшейту, күрес мамандарына арналған білім беру және сертификаттау бағдарламаларын әзірлеу, спортшылардың денсаулығы мен нәтижесін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру көзделген. Сонымен қатар бірлескен конференциялар, семинарлар, оқу-жаттығу жиындары, студенттер, зерттеушілер мен сарапшыларға арналған алмасу бағдарламалары ұйымдастырылады.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – спорт ғылымы, биомеханика, дұрыс тамақтану және спорт медицинасы салаларындағы заманауи шешімдерді енгізу. Бұл бастамалар ұлттық құрамалар мен жас спортшыларды даярлау жүйесін ғылыми негізде дамытуға мүмкіндік береді.

Құжатқа сәйкес, Қазақ ұлттық спорт университеті академиялық және ғылыми-зерттеу әлеуетін ұсынса, United World Wrestling халықаралық техникалық сараптама мен әдістемелік қолдау көрсетеді. Ал Қазақстан күрес федерациясы жобалардың ұлттық деңгейде іске асырылуын үйлестіріп, оқу-жаттығу базалары мен ұйымдастырушылық қолдау бағытында жұмыс жүргізеді.

Қазақстан күрес федерациясы үшін бұл меморандум елдегі күрес түрлерін жүйелі дамытуға, жаттықтырушылар мен спорт мамандарының кәсіби деңгейін арттыруға және қазақстандық күрестің халықаралық кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Бөлісу