ЖАҢАЛЫҚТАР

Ulaanbaatar Open турнирінің үшінші күні Қазақстан қоржынына үш медаль түсті

06.06.2026 · Жалпы

← Артқа Жаңалықтар
Ulaanbaatar Open турнирінің үшінші күні Қазақстан қоржынына үш медаль түсті

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің үшінші жарыс күні Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Отандастарымыз бір күміс және екі қола жүлдеге қол жеткізді.

Әйелдер күресінен 76 келіге дейін салмақ дәрежесінде Қазақстан атынан Гүлмарал Еркебаева мен Эльмира Сыздықова бақ сынады. Екі спортшы да бір топқа түсті. Еркебаева алғашқы белдесуінде Үндістан өкіліне жол берсе, Сыздықова жарысты моңғолиялық балуанды жеңуден бастап, жартылай финалда үндістандық қарсыласына есе жіберді.

Жұбаныш белдесулерінің нәтижесінде Гүлмарал Еркебаева қола медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болып, шешуші белдесуде Эльмира Сыздықовамен кездесті. Қазақстандық балуандар арасындағы тартысты белдесуде Сыздықова жеңіске жетіп, турнирдің қола жүлдегері атанды. Осылайша ол биыл мамыр айында өткен Қазақстан кубогындағы жеңілісі үшін есе қайтарды.

55 келіге дейінгі салмақта Лаура Әлмағанбетова да жүлдеге таласты. Алғашқы белдесуінде жапониялық спортшыға жол берген қазақстандық балуан жұбаныш кезеңінде Румыния өкілін жеңді. Алайда қола медаль үшін өткен белдесуде Түркия спортшысына есе жіберіп, жарысты жүлдесіз аяқтады.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы үш салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. 74 келіге дейінгі салмақта Дархан Есенғали жарысты сәтті бастап, алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Алайда келесі айналымда Ресей өкіліне жол берді. Кейін жұбаныш белдесуінде Оңтүстік Корея балуанынан жеңіліп, жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды.

86 келіге дейінгі салмақта Болат Сақаев алғашқы белдесуінде Болгария намысын қорғайтын Олимпиада чемпионы Магомед Рамазановқа есе жіберді. Рамазанов финалға шыққаннан кейін қазақстандық балуанға жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі берілді. Бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланып, қола медаль үшін белдесуде жергілікті моңғол спортшысын жеңіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.

92 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков күміс жүлде иеленді. Ол финалға дейін қазақстандық, ирандық және үндістандық қарсыластарынан басым түсті. Ал алтын медаль үшін өткен белдесуде ресейлік Асхаб Саадулаевқа 3:6 есебімен жол беріп, турнирді күміс жүлдемен аяқтады.

Осылайша, Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына үш медаль түсті. Азамат Дәулетбеков күміс жүлдеге қол жеткізсе, Эльмира Сыздықова мен Болат Сақаев қола медаль иеленді.