Жалпы 24.06.2026

АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ КОНГРЕСІ ӨТТІ

АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ КОНГРЕСІ ӨТТІ
← Артқа — Жаңалықтар

Қазақстан ұлттық спорт университетінің мәжіліс залында күрес қауымдастығының өкілдері бас қосып, еліміздегі грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Еліміздегі грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың жаңа кезеңіне арналған маңызды басқосуға Қазақстан күрес федерациясының басшылығы, өңірлік федерациялардың президенттері, ұлттық құрамалардың бас бапкерлері, төрешілер, спорттық медицина мамандары, сала ардагерлері қатысты.

Конгресте сөз алған Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың жаңа кезеңі нақты жүйе мен ортақ жауапкершілікке негізделуі керек екенін атап өтті.

«Бүгінгі стратегиямыздың өзегі – біртұтас жүйе қалыптастыру, қуатты өңірлерді дамыту және сол арқылы жеңісті болашаққа жол ашу. Бізге енді ретсіз әрекет емес, нақты жұмыс істейтін вертикалды жүйе қажет. Федерация мен өңірлер бірдей регламент, бірдей ереже және ортақ стандарт бойынша жұмыс істеуі тиіс. Алдағы уақытта спортшылардың электрондық базасы, бапкерлер мен төрешілердің реестрі, рейтинг пен статистика жүйесі толық реттеледі.

Әр спортшының ұпай жинауы, құрамаға кіруі, мемлекеттік қолдау мен гранттарға қол жеткізуі ашық әрі түсінікті жүйе арқылы жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, өңірлік федерациялардың жұмысына нақты KPI енгізіледі. Біздің ұстанымымыз: бір федерация, бір дерекқор, бір стандарт және бір мақсат болуы керек. Ал ұзақ мерзімді мақсатымыз – 2036 жылға дейін Қазақстанды әлемдегі үздік 5 күрес державасының қатарына енгізу. Ол үшін Олимпиада ойындарында тұрақты түрде медальдар алу, Әлем чемпионаттарында жыл сайын ТОП-10 қатарында болу, әйелдер күресінен Азия мықтыларының қатарына кіруді басты стратегиялық жоспар етіп бекітеміз», – деді Еркін Қадырғалиұлы.

Төрағаның айтуынша, бұл бағытта «Ұлттық балуан картасы», Халықаралық күрес академиясы, Wrestling Digital Hub, «Бапкер – 2030» бағдарламасы және ғылыми-инновациялық сүйемелдеу жұмыстары жүзеге асырылады.

Бұдан кейін есеп берген Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Нұраддин Садықов күрес түрлерін дамытуда қысқа мерзімді нәтиже емес, ұзақ жылдарға арналған тұрақты жүйе құру маңызды екенін тілге тиек етті.

«Бүгінгі басты міндет – грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Қазіргі таңда өңірлердегі дайындық деңгейінің әртүрлілігі, спорт резервін сүйемелдеу, жарыстар жүйесін жаңғырту, цифрландыру және халықаралық бәсекелестіктің күшеюі нақты шешімді қажет етіп отыр. Осыған байланысты федерация 2032 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынып отыр. Бұл құжатта күреске бұқаралық сипат беру, спорттық резерв даярлау, ұлттық құраманы күшейту, әйелдер күресін дамыту, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары қамтылған.

Көздегеніміз – федерация, өңірлік федерациялар, клубтар, БЖСМ, академиялар, мектеп және студенттік лигалар арасындағы ортақ вертикаль қалыптастыру. Яғни, ондаған жылдар бойы үздіксіз чемпиондар шығаратын тұрақты жүйе құратын боламыз», – деді Нұраддин Рысбайұлы.

Бас хатшының айтуынша, алдағы уақытта UWW сайтының мысалында спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған ортақ ақпараттық-сараптамалық платформа құру жоспарланып отыр. Ол кейін федерацияның ресми сайтына қосылатын болады.

Сонымен қатар Конгресс барысында ұлттық құрамалардың өкілдері Қонысбек Түкенов, Данияр Қайсанов және Нұрсұлтан Теміров грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша биылғы І жартыжылдықтағы дайындық барысы, халықаралық жарыстардағы нәтижелер және алдағы Азия ойындары мен Әлем чемпионатына әзірлік жөнінде есеп берді. UWW рефери-нұсқаушысы Игорь Лигай төрешілік және халықаралық ережелерді меңгеру мәселелеріне тоқталса, спорттық медицина дәрігері Азамат Нұрматов спортшы денсаулығы, медициналық бақылау және салмақ қуу қауіпсіздігі туралы баяндады. Шымкент қаласы күрес федерациясының президенті Досжан Шалқар мектеп және студенттік күресті дамытуға арналған Mektep Kures Ligasy және Students Wrestling League жобаларын таныстырды. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық бағыты бойынша Қайрат Әзімовтің баяндамасы тыңдалды.

Қазақстан күрес федерациясының спортты дамыту жөніндегі директоры Ернар Үсенбаев Қазақстан чемпионатына іріктеудің жаңа рейтингтік жүйесін енгізу туралы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, бұл жүйенің басты мақсаты – іріктеуді әділ әрі ашық ету.

«Қазақстан чемпионатына кім баратынын жеке адамның шешімі емес, спортшының нақты нәтижесі анықтауы тиіс. Ұсынылып отырған рейтингтік жүйенің басты мақсаты – іріктеуді әділ, ашық және түсінікті ету. Спортшы жыл бойы рейтингтік турнирлерге қатысып, көрсеткен нәтижесіне қарай ұпай жинайды. Маусым соңында әр салмақта рейтингі ең жоғары балуандар Қазақстан чемпионатына жолдама алады.

Қазіргі таңда чемпионаттарға қатысушылар саны тым көп. Кейбір жарыстарда бұл көрсеткіш 2 мың адамға дейін жетеді. Мұндай жағдайда жарыс бірнеше күнге созылып, белдесулер саны артады, төрешілерге де, спортшыларға да үлкен салмақ түседі. Ең бастысы, чемпионаттың сапасы нашарлап, бәсекелік деңгейін нақты басқару қиындайды. Біз үшін маңыздысы – әр балуан жыл бойы тұрақты күресіп, өзінің деңгейін дәлелдеуі. Сонда Қазақстан чемпионаты кездейсоқ қатысушылардың емес, маусым бойы үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың басты алаңына айналады», – деді Ернар Үсенбаев.

Баяндамашының айтуынша, ұсынылып отырған жүйе бойынша әр салмақта рейтингтің алғашқы 16 спортшысы ғана Қазақстан чемпионатына жіберіледі. Сонымен қатар, өткен маусымдағы чемпионға өз атағын қорғауға мүмкіндік беріледі. Рейтинг әр турнирден кейін жаңартылып, ашық жарияланып отырады. Бұл спортшыларға да, бапкерлерге де, өңірлік федерацияларға да нақты бағыт береді деп күтілуде.

Конгрестің екінші бөлімінде Қазақстандағы грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың негізгі бағыттарына арналған панельдік сессия өтті. Пікірталас кезінде күрес түрлерін басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, өңірлік федерациялардың жұмыс тиімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, бапкерлер мен төрешілерді даярлау, спорттық медицина мен ғылыми сүйемелдеуді күшейту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, қатысушылар спортшыларды даярлаудың заманауи тәсілдері, рейтингтік жүйені енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, цифрландыру, күрес спортын коммерцияландыру және демеушілік тетіктерін дамыту бағытында ұсыныстарын білдірді.

Панельдік сессия қорытындысында Конгресте көтерілген бастамалар мен ұсыныстар жинақталып, кейін күрес түрлерін дамытудың алдағы кезеңіне арналған нақты міндеттер мен басымдықтарды айқындайтын қорытынды қарары қабылданады.

Шара соңында Еркін Оқасов елімізде күрес түрлерін дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар маманды «Күресті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында Жұмахан Тұрғамбеков, Жұмаш Иманбаев, Марат Мұхамбетов, Ғабиден Райымбек, Төлеген Дүйсембаев, Сағындық Бисембаев, Бектай Хасенов, Берік Алимов, Науаннұр Бақбергенұлы, Владислав Сутормин және Нұржігіт Ерімбетов бар.

Федерация төрағасы сала мамандарының отандық күрестің дамуына, жас спортшыларды тәрбиелеуге, өңірлік мектептердің нығаюына және ұлттық құрамалардың қалыптасуына қосқан еңбегін атап өтіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Осылайша, бір күнге созылған Қазақстан күрес федерациясының Конгресі еліміздегі грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды алаңға айналды.

Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі

Бөлісу