Шымкент қаласындағы №140 жалпы білім беретін орта мектепте «Мектеп күрес лигасы» жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов, білім беру ұйымдарының басшылары, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Федерация төрағасы Еркін Оқасов жобаның мектеп спортын дамытудағы және өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулудағы маңызына тоқталды.
Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту, күрес түрлерін барынша қолжетімді ету және болашақ жас спортшыларды даярлауға қолайлы жағдай қалыптастыру. Бастама аясында білім беру ұйымдарының спорт залдарын күреске қажетті арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, мектептерде күреспен шұғылдануға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Шара барысында Федерация төрағасы №140 жалпы білім беретін орта мектептің басшылығына стационарлық күрес кілемінің сертификатын табыстады. Жаңа кілем мектеп оқушыларының қауіпсіз әрі тұрақты жаттығуына, сондай-ақ күрес үйірмелерінің жұмысын жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.
Еркін Оқасов жас балуандарға ақ жол тілеп, мектеп қабырғасындағы алғашқы жаттығулар үлкен спортқа бастайтын маңызды қадам екенін атап өтті.
Қазақстан күрес федерациясы балалар мен жасөспірімдер күресін дамытуға, спорттық инфрақұрылымды нығайтуға және күрес түрлерін білім беру ұйымдарында кеңінен насихаттауға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде қолдайды.
Айта кетсек, мектеп спортын дамытуға бағытталған бұл жоба Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстан күрес федерациясының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.
ШЫМКЕНТТЕ «МЕКТЕП КҮРЕС ЛИГАСЫ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ