Әйелдер күресі 01.08.2026

ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСНЕН U17 ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН ЕКІ ЖҮЛДЕМЕН АЯҚТАДЫ

ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСНЕН U17 ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН ЕКІ ЖҮЛДЕМЕН АЯҚТАДЫ
← Артқа — Жаңалықтар

Әзірбайжанның астанасы Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында әйелдер күресінің бәсекесі аяқталды.

Қазақстан құрамасы жарысты бір күміс және бір қола медальмен қорытындылады. Айша Әбдімәлік Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Інжу Баққожа қола медаль иеленді. Осы нәтижемен Қазақстан құрамасы медальдық есепте сегізінші орынға тұрақтады.

Айша Әбдімәліктің күміс жүлдеге дейінгі жолы

65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айша Әбдімәлік жарысты Венгрия өкілі Соня Верешті 8:3 есебімен жеңуден бастады. 1/8 финалда АҚШ балуаны Ив Скроккиден 7:6 есебімен басым түсіп, 1/4 финалда молдовалық балуан Маргарита Лиситаны 13:12 есебімен,  жартылай финалда Грекия спортшысы Василики Каравануды 8:1 есебімен ұтты.

Финалда Айша Моңғолия өкілі Ариунзул Болдбаатармен белдесті. Қос балуан бұған дейін U17 Азия чемпионатында кездесіп, сол жолы моңғолиялық спортшы 11:2 есебімен басым түскен еді. Бакудегі шешуші белдесуде Болдбаатар 4:0 есебімен басым түсті. Осылайша, Айша Әбдімәлік Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Інжу Баққожаның қола жүлдеге дейінгі жолы

46 келіге дейінгі салмақта белдескен Інжу Баққожа бірінші айналымда Беларусь өкілі Анастасия Некляеваны 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Ширек финалда Қырғызстан балуаны Аяна Ниязбековадан 12:2 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Финал жолдамасы үшін өткен белдесуде Інжу Үндістан өкілі Сандхия Вишнойға тушемен есе жіберді.

Қола медаль үшін өткен кездесуде Інжу 2026 жылғы U17 Еуропа чемпионы Алина Баранованы 8:2 есебімен жеңіп, Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Осылайша, әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Бакудегі Әлем чемпионатын 1 күміс және 1 қола медальмен аяқтады.
 

Бөлісу