Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің екінші жарыс күні өз мәресіне жетті. Бұл күні кілемге грек-рим және әйелдер күресінен қазақстандық спортшылар шықты.
Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын Еркебұлан Ардақов пен Досжан Өтепқалиев қорғады. Ардақов жартылай финалға дейін жетіп, әлемнің екі дүркін чемпионы Жоламан Шаршенбековке 1:3 есебімен жол берді. Алайда қола медаль үшін өткен белдесуде оңтүстіккореялық спортшыны 7:4 есебімен жеңіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.
Ал Досжан Өтепқалиев жарысты бастапқы кезеңдерде аяқтады.
130 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олжас Сырлыбай жарысты сәтті бастап, Венесуэла және Үндістан өкілдерін мерзімінен бұрын жеңді. Жартылай финалда моңғолиялық балуанға 1:2 есебімен есе жібергенімен, қола медаль үшін белдесуде Үндістан спортшысын тағы да айқын басымдықпен жеңіп, жүлдегерлер қатарына қосылды.
Әйелдер күресінде 50 келіге дейінгі салмақта Марал Тәңірбергенова алғашқы белдесуінде жеңілгенімен, қарсыласының финалға шығуына байланысты жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Қазақстандық спортшы моңғолиялық қарсыласын 10:0 есебімен ұтқанымен, қола медаль үшін өткен кездесуде үндістандық балуанға мерзімінен бұрын жол берді.
57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова Қазақстан құрамасына қола медаль сыйлады. Ол алғашқы белдесуінде Оңтүстік Корея өкілі Юнжин Квонды 9:6 есебімен жеңді. Жартылай финалда КХДР спортшысына есе жіберген Раимова үшінші орын үшін кездесуде Сингапур өкілін мерзімінен бұрын жеңіп,жарыстың жүлдегері атанды.
72 келіге дейінгі салмақта Жәмила Бақбергенова жарысты сенімді бастап, Ресей және Моңғолия спортшыларын жеңді. Алайда жартылай финалда алаң иесіне жол берді. Қола медаль үшін белдесуге шығуы тиіс болғанымен, алған жарақатына байланысты дәрігерлер оған жарысты жалғастыруға рұқсат бермеді. Осылайша тәжірибелі балуан турнирді жүлдесіз аяқтады.
Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына үш қола медаль түсті. Жүлдегерлер қатарында Еркебұлан Ардақов, Олжас Сырлыбай және Нилуфар Раимова бар.