ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрасыл Аманалы Ulaanbaatar Open турнирінің күміс жүлдегері атанды

04.06.2026 · Греко-римская

← Артқа Жаңалықтар
Нұрасыл Аманалы Ulaanbaatar Open турнирінің күміс жүлдегері атанды

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирінің алғашқы жарыс күні аяқталды.

Жарыстың бірінші күнінде грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы атынан екі спортшы сынға түсті.

72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сұлтан Әсетұлы алғашқы белдесуінде ирандық Саадат Резаиге жол берді. Алайда қарсыласының финалға шығуына байланысты қазақстандық балуан жұбаныш белдесулеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қола медаль үшін өткен белдесуде ол Қырғызстан өкілі Жанторо Мирзалиевтен жеңіліп, жарысты жүлдесіз аяқтады.

Ал 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрасыл Аманалы Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды. Ол финалға дейін екі белдесу өткізіп, екеуінде де мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ширек финалда моңғолиялық қарсыласын айқын басымдықпен ұтса, жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілінен басым түсті.

Финалда Нұрасыл Аманалы Үндістан балуаны Нитешпен кездесті. Тартысты өткен шешуші белдесуде қазақстандық спортшы 9:13 есебімен жеңіліп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Ulaanbaatar Open рейтингтік турнирі 7 маусымға дейін жалғасады. Алда әйелдер күресі мен еркін күрес шеберлерінің белдесулері, сондай-ақ грек-рим күресінің тағы үш салмақ дәрежесіндегі жарыстар өтеді.