ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында маңызды меморандумға қол қойылды

11.06.2026 · Жалпы

← Артқа Жаңалықтар
Астанада «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында маңызды меморандумға қол қойылды

Астана қаласындағы №114 мектеп-гимназиясында «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында маңызды іс-шара өтті. Жиын барысында мектепке стационарлық күрес кілемі табысталып, мектеп оқушылары арасында күрес түрлерін дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Мырзабосынов Ербол Қуантайұлы, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы және Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Оқасов Еркін Қадірғалиұлы қол қойды.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, грек-рим, еркін және әйелдер күресін кеңінен дамыту, сондай-ақ жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету.

Іс-шара барысында №114 мектеп-гимназиясына күрес залы ашылып заманауи стационарлық күрес кілемі сыйға берілді. Бұл мектепте күрес секцияларының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап, оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы жағдайда жаттығуына жол ашады. Алдағы уақытта бұл бастама «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында республикалық маңызы бар қалаларда 4-5 мектептен, облыстарда 2-3 мектептен таңдалып, жыл соңына дейін 100-ге жуық мектепті жаттығу барысына қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Меморандум аясында тараптар мектеп оқушылары арасында күресті насихаттау, мектепішілік және мектепаралық жарыстар өткізу, жаттықтырушы-педагогтердің біліктілігін арттыру және жас спортшыларды даярлау бағытында бірлескен жұмыстар жүргізетін болады.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Қазақстан күрес федерациясының, спорт ұйымдарының өкілдері, жаттықтырушылар, оқушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталған бастама мектеп оқушылары арасында күрес мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге және ұлттық спорттың дамуына үлес қосады деп күтілуде.