Астана қаласында XIII жазғы Гимназиада республикалық жарысы басталды. Дода Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бастамасымен және Қазақстан күрес федерациясының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Дәстүрлі түрде екі жыл сайын өткізілетін жарысқа 15–17 жас аралығындағы жас балуандар қатысып жатыр. Биылғы турнирге қызығушылық ерекше жоғары. Жарысқа еліміздің 10 облысы мен республикалық маңызы бар қалалардан келген 10-нан астам команда қатысып, жалпы спортшылар саны 180-нен асты.
Бұл көрсеткіш жастар арасында күрестің танымалдығы артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жарыс жасөспірімдер арасынан талантты спортшыларды анықтауға және олардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Аталған жоба Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Қадырғалиұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мектеп күресін дамыту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Федерация мектептердегі күрес секцияларының жұмысын күшейтіп, мектепішілік, өңірлік және республикалық деңгейдегі жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруға басымдық береді.
Федерацияның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа кеңінен тарту, мектеп қабырғасынан дарынды балуандарды анықтап, олардың кәсіби спортқа қадам басуына жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстандағы күрестің болашақ дамуына берік негіз қалайды.